ӘЧ-2014: Колумбия Кот'Д Ивуардан басым түсiп, өз тобында көш бастады

БРАЗИЛИА-АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгiн Бразилияда футбол әлем чемпионаты аясында Колумбия құрамасы Кот'Д Ивуардан 2:1 есебiмен басым түстi.

ӘЧ-2014: Колумбия Кот'Д Ивуардан басым түсiп, өз тобында көш бастады

Ойынның бiрiншi таймы барысында командалар алғы шепте жақсы өнер көрсеткенiмен, бiр-бiрiнiң қақпаларын ала алмады. Ал матчтың екiншi кезеңiнiң 64-минутында колумбиялық футболшы "қара пiлдердiң" өкiнiшiне орай гол салып, өз командасын алға шығарды. Осыдан кейiн африкалықтар үлкен күшпен асығыс шабуылдарға шығып, өз қақпаларына тағы бiр доп енгiзiп алды. Алғы шепке допты алып өтпек болған Кот'Д Ивуар командасының қорғаушысы қателесiп, допты қарсыластарына жіберіп алды. Бұл мүмкiндiктi колумбиялық шабуылшы Киндеро қалт жiберген жоқ, осылайша ойынның 70-минутында есеп 2:0-ге жеттi.

Дегенмен көп кешiкпей, үш минуттан соң, африкалық шабуылшы Джирвиньо төрт қорғаушыны қапыда қалдырып, әдемi голдың авторы атанды. Алаңға шыққан ивуарлық Дидье Дрогба шабуылға бiраз серпiн бергенi рас, алайда бұл матчтың есебi өзгерген жоқ. "С" тобында Колумбия 6 ұпаймен көш бастады. Ивуарлықтар 3 ұпаймен екiншi сатыда. Ал Жапония мен Грекияда әзiрге ұпай жоқ.