ӘЧ-2018: Астана уақытымен ширек финал ойындарының кестесі жарияланды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Футболдан Ресей жасыл алаңдарында өтіп жатқан 2018 жылғы Әлем чемпионатының ширек финал ойындары 6-7 шілде күндері өтеді. Ең алдымен Уругвай және Франция құрамалары жартылай финал жолдамасын сарапқа салады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ӘЧ-2018: Астана уақытымен ширек финал ойындарының кестесі жарияланды

Ойын «Нижний Новгород» стадионында өтеді. Қазақстандық жанкүйерлер кездесудің тікелей трансляциясын Qazsport телеарнасынан Астана уақытымен (келесі ойындар да - Астана уақытымен) 20:00-ден бастап тамашалай алады.

6 шілдедегі екінші ойында Уругвай-Франция матчының жеңімпазына жартылай финалда қарсылас атанатын команда белгілі болады. «Қазан Арена» стадионында өтетін Бразилия-Бельгия ойыны ширек финалдың ең тартысты кездесулерінің бірі болмақ. Оны Қазақстанның екі бірдей телеарнасы - Qazsport және Qazaqstan 00:00-ден бастап тікелей эфирден көрсетеді.

Ертеңіне, 7 шілде күні жартылай финалдың екінші жұбы анықталады. 20:00-де Сочидегі «Фишт» стадионында Ресей мен Хорватия өзара күш сынасады. Ойынды Qazsport және Qazaqstan телеарналарынан көруге болады.

Олардың қарсыласы түнгі 00:00-де «Самара Арена» стадионында болатын Швеция-Англия кездесуінде белгілі болады. Бұл ойынды да Qazsport және Qazaqstan телеарналары тікелей эфирден көрсетеді.