ӘЧ-2018: Бельгия Бразилияны ұтып, жартылай финалға шықты

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Ресейде өтіп жатқан футболдан әлем чемпионатының ширек финалында Бразилия құрамасы Бельгиямен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Матч Қазан қаласында өтті. Бразилияның бас бапкері Тите алаңға мына ойыншыларды шығарды: Алисон, Фагнер, Тиаго Силва, Миранда, Марсело, Фернандиньо, Паулиньо, Фелипе Коутиньо, Виллиан, Неймар, Габриэл Жезус.

«Пентакампеондарға» қарсы Роберто Мартинес мына шәкірттеріне сенім артты: Куртуа, Алдервейрелд, Компани, Вертонген, Витсель, Феллаини, Менье, Шадли, Де Брюйне, Лукаку, Азар.

Төреші Милорад Мажичтің ысқырығы естілісімен бельгиялықтар жылдам шабуылға көшті. Жартылай қорғаушылар Кевин Де Брюйне мен Насер Шадли қақпаға жақын тұстан соққы бағыттады. Дегенмен, оларға дәлдік жетіспеді. Сәлден соң Бразилия қорғаушысы Тиаго Сильва жауап қайтарды. Ол бұрыштамадан көтерілген допқа бірінші жетіп, баспен ұрған. Алайда, оның соққысы қақпа бағанасына тиіп, кері қайтты.

13-минутта еуропалықтар таблодағы көрсеткішке өзгеріс енгізді. Насер Шадлидің бұрыштамадан асырған пасы бразилиялық ойыншы Фернандиньоға тиіп, қақпадан бір-ақ шықты. 0:1!

Ойда жоқта гол кіргізіп алған Бразилия футболшылары ашық шабуылға көшкендей. Алдымен Коутиньо, кейін Марсело Бельгия қақпасын нысанаға алды. Алайда, тәжірибелі қақпашы Тибо Куртуа оңайлықпен алдырмады. Қақпасына бағытталған соққыларға тойтарыс беріп отырды.

31-минутта Бельгия үздігі Ромелу Лукаку нәтижелі шабуылға мұрындық болды. Ол алаң ортасынан бастап қорғаушыларды алдап келіп, әріптесі Де Брюйнеге пас ұсынды. Соңғысы мүмкіндікті мүлт жібермей, екінші голды соқты.

Екінші таймда алаңға «Ливерпуль» шабуылшысы Р.Фирминьо шықты. Ол Виллианды алмастырды. Тағы бір шабуылшының шығуымен оңтүстік америкалықтардың ойыны өрбіп сала берді. 55-минутта Бельгия қорғаушысы Венсан Компани Габриэл Жезусты шалып жыққан. Бастапқыда төреші Милорад Мажич пенальти белгіледі. Дегенмен, VAR (бейнеқайталау) жүйесінің көмегімен шешімін өзгертті.

Кезекті бір шабуылда алаңға тыңнан шыққан Ренато Аугусто есеп айырмасын қысқартты. Ол Фелипе Коутиньоның жоғарылата берген пасын керегіне жаратты. Келесі сәтте сол Р.Аугусто есепті теңестіруге шақ қалды. Айып алаңына кіре сала бағыттаған добы қақпадан сәл ғана қиыс кетті.

Тоқсан минут түгесілді. Төреші қосқан бес минутта Неймар бастаған жігіттер қанша тырысқандарымен бельгиялықтардың қорғанысын бұза алмады. 

Осылайша, Бельгия құрамасы әлем чемпионатындағы жорығын ары қарай жалғастырады.

Соңғы жаңалықтар