ӘЧ-2018: Н тобының орталық матчында Сенегал мен Колумбия күш сынасады
Командалар бұған дейін екі рет кездескен. 2011 жылы 2:0 есебімен Колумбия басым түссе, 2014 жылы тең нәтиже тіркелген. Осы чемпионаттың өткен екі турында командалар түрліше ойын өрнегін көрсетті. Мамандар сенегалдықтардың дене дайындығы бабында емес екенін бетке басып отыр. Олар осыған дейін өз қақпасына соғылған үш голды да таймның соңына қарай жіберіп алған. Ал Колумбия, керісінше, әрі құрам жағынан, әрі ойыншыларының дайындығы жағынан қарсыластарына қарағанда бір саты жоғары.
Осы факторларды ескере келе, букмекерлік кеңселер де, футбол сарапшылары да «кофешілердің» басым екенін көрсетіп отыр. Оның үстіне Латын Америкасы өкілі өз қателігінен қорытынды шығара білетінімен көзге түсті. Олардың әдісі, атап айтқанда, Польшамен кездесудегі ойыны көпшілік жанкүйерлердің көңілінен шыққаны рас. Мүмкіндігінше кеңірек шеп құра отырып шабуылдайды, күтпеген жерден пас беріп, командаласын ыңғайлы позицияға шығара білетін плеймейкері де бар, допқа талас кезінде топ қорғаушылардың өзін қапы қалдырып кететін шабуылшысы да бар. Хамес, Фалькао, Куадрадолар маңызды ойындарда тәжірибе жинақтаған әрі бір-бірін ыммен түсінетін ойыншылар. Өткен ойыннан кейін, тіпті Кинтероға Еуропаның бірнеше топ-клубы құда түсуге ниеттеніп отырғаны туралы сыбыстар тарап үлгерді.
Осындай деңгейдегі футболшылар Сенегалда көп емес. Мане мен Ньянг «Дакар арыстандарының» бас жұлдыздары. Әдетте, Сенегал дегенде көз алдымызға сонау 2002 жылғы мундиальда топ жарған Пап Буба Диоп, Әл-Хажы Диуффтар келетіні бар. Биылғы Сенегал қарқынды әрі мазмұнды ойын көрсетті деп айта алмаймыз. Сол себепті, ойынның сапасы да көңіл көншітерлік емес. Басы артық пастар, қажетсіз қимылдар, оффсайдтың көп болуы, ереже бұзу көрсеткішінің біршама жоғары болуы биылғы Сенегалдың сыншыларын көбейтіп отыр. Дегенмен, Алиу Сиссе командасының қимылын алдын ала болжау қиын, бұған қарсы шабуыл факторын қосыңыз. Кеше ғана қосымша минуттарда екі гол соғып, Германияны чемпионаттан шығарып жіберген Оңтүстік Корея осы қарсы шабуыл арқылы жеңіске жеткен болатын. Жалпы, биылғы чемпионат осындай сенсацияларымен ерекшеленіп жатыр. Бүгінгі ойында да ешкім күтпеген нәтиже болуы әбден мүмкін.
Ойын Самарадағы «Самара Арена» стадионында болады. Qazsport телеарнасы ойынның тікелей трансляциясын Астана уақытымен 20:00-ден бастап көрсетеді.