ӘЧ-2026: Эквадор мен Кюрасаоның кездесуі 0:0 есебімен аяқталды
АСТАНА. KAZINFORM — Эквадор мен Кюрасао құрамалары 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының топтық кезеңіндегі екінші тур матчында тең түсті, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
Е тобы аясындағы кездесу АҚШ-тың Канзас-Сити қаласындағы «Эрроухед» стадионында өтіп, 0:0 есебімен аяқталды.
Матч барысында екі команда да бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырғанымен, қарсылас қақпасынан саңылау таба алмады. Негізгі және қосымша уақыт голсыз аяқталды.
Эквадор үшін бұл турнирдегі алғашқы ұпай болды. Бұған дейін команда алғашқы турда Кот-д’Ивуардан 0:1 есебімен жеңілген еді. Ал Кюрасао құрамасы Германиядан 1:7 есебімен ойсырай ұтылғаннан кейін әлем чемпионатындағы алғашқы ұпайын еншіледі.
Айта кетейік, Е тобындағы екінші турдың тағы бір матчында Германия құрамасы Кот-д’Ивуарды 2:1 есебімен жеңді.
Екі турдан кейін Германия 6 ұпаймен топ көшін бастап тұр. Кот-д’Ивуардың еншісінде – 3 ұпай. Ал Эквадор мен Кюрасао бір-бір ұпайдан жинады.
Сондай-ақ бұл Кюрасао құрамасының әлем чемпионаттары тарихындағы алғашқы ұпайы болды.
Бұған дейін Германия құрамасының Кот-д’Ивуарды матчтың соңғы секундтарында жеңіп кеткені хабарланған болатын.