ӘЧ-2026: Германияны пенальти сериясында жеңген Парагвай 1/8 финалына шықты

АСТАНА. KAZINFORM – Парагвай құрамасы 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының 1/16 финалында Германияны жеңіп, келесі кезеңге өтті, деп хабарлайды Sports.kz.

ӘЧ-2026: Парагвай Германияны пенальти сериясында жеңіп, 1/8 финалына шықты
Фото: fifa.com

АҚШ-тың Фоксборо қаласындағы «Джилетт» стадионында өткен кездесудің негізгі уақыты 1:1 есебімен аяқталды. Матчтың 42-минутында Хулио Энсисо Парагвайды алға шығарса, екінші таймның 54-минутында Кай Хаверц Флориан Вирцтің пасынан кейін баспен дәл соққы жасап, есепті теңестірді.

Қосымша уақытта Германия 102-минутта Джонатан Та бұрыштамадан кейін гол соққанымен, VAR жүйесі қақпашыға қарсы ереже бұзылғанын анықтап, гол есепке алынбады.

Овертаймда жеңімпаз анықталмаған соң, матч тағдыры пенальтилер сериясында шешілді. Онда Парагвай құрамасы 4:3 есебімен басым түсіп, әлем чемпионатының 1/8 финалына жолдама алды.

Енді Парагвай 1/8 финалда Франция мен Швеция құрамалары арасындағы кездесудің жеңімпазымен ойнайды.

Еске сала кетсек, бұған дейін соңғы минутта соғылған гол Бразилияны әлем чемпионатының 1/8 финалына алып шыққанын жаздық.