13:18, 22 Қараша 2014 | GMT +5
ӘЧ: Л.Күнгейбаеваның жартылай финалдағы қарсыласы - түркиялық Э.Боздуман
АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстік Кореяның Джеджу қаласында өтіп жатқан әйелдер арасындағы бокстан әлем чемпионатында 81 келіден жоғары салмақ санатында жарыс жолына шыққан Ләззат Күнгейбаева жартылай финалға жолдама алды. Бұл туралы ҚР Бокс федерациясының баспасөз қызметінен хабарлады.

Ширек финалда 2012 жылғы Азия біріншілігінің қола жүлдегері Л.Күнгейбаева 2011 жылғы Еуропа чемпионатында үшінші орынға табан тіреген хорватиялық Даниэлл Верничпен қолғап түйістірген болатын. Қарсыласынан оқ бойы озық шыққан боксшымыз төрешілердің шешімімен таза жеңіске жетті.
Енді ол, ертең, жартылай финалда 2014 жылғы Еуропа чемпионатының қолда жүлдегері түркиялық Эмин Боздуманмен жұдырықтасады.
Айта кетерлігі, 48 келі салмақ санатында жарыс жолына шыққан тағы бір боксшымыз Назым Қызайбайда жартылай финалға жолдама алған еді. Ол да 23 қараша күні жапондық Мадока Вадамен шаршы алаңда кездеседі.