ӘЧ: Шағын футболдан Қазақстан құрамасы Босния және Герцоговинамен тең түсті
АСТАНА. KAZINFORM – Шағын футболдан Қазақстан әуесқойлар құрамасы Әзербайжан астанасы Баку қаласында жалауын көтерген әлем чемпионатында бүгін Босния және Герцоговинамен кездесті.

Отандастарымыз F тобында АҚШ, Босния және Герцоговина, Польшамен сынға түсіп жатыр.
Ойын барысында олар қарсыласымен 1:1 есебімен тең түссе, аталған топтағы АҚШ және Польша кездесуінде 0:0 есебі тіркелді.
Алғашқы ойында қазақстандық футболшылар Польшаға 1:2 есебімен жол берсе, Босния және Герцоговина АҚШ-ты 4:2 есебімен тізе бүктірген еді.
Екі турдан кейін 4 ұпаймен Босния және Герцоговина, Польша құрамалары көш бастап тұрса, АҚШ пен Польшаның еншісінде 1 ұпайдан бар.
Енді Қазақстан құрамасы бұдан кейін 26 мамырда АҚШ-пен ойнайды.
Биыл аталған турнирге барлығы 32 құрама қатысып жатыр. Дүбірлі дода Бүкіләлемдік шағын футбол федерациясы (WMF) аясында өткізіліп жатыр.
Айта кетсек, қазірге дейін Чехия 2015 және 2017 жылдарда чемпион атанса, 2019 жылы Мексика, 2023 жылы Румыния кубокты төбесіне көтерді.
Отандастарымыз 2023 жылы әлем чемпионатында Румынияға (2:2, пенальтиден 11:12) есе жіберіп, күміс жүлдені қанағат тұтты.
Еске сала кетейік, бұған дейін шағын футболдан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы екінші ойынын өткізетінін жазған едік.