«Адал азамат» тұжырымдамасы әзірленіп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Мәдениет және ақпарат министрлігі «Адал азамат» тұжырымдамасыны жобасын әзірлеп жатыр. Бұл жайында Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың Сенат депутаттарының сауалына берген жауабында айтылған.
«Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында „Адал азамат“ идеясын айтып, елімізде жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыру қажеттігін атап өтті. Осыған байланысты Мәдениет және ақпарат министрлігімақсаты қазақстандық ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру болатын „Адал азамат“ тұжырымдамасының жобасын әзірлеуде. „Адал азамат“ патриотизм, әділдік, кәсіпқойлық, үнемшілдік, еңбекқорлық, өз елі мен отбасы алдындағы жауапкершілік сияқты ең асыл қасиеттерді дәріптейтін болады», — деді вице-премьер жауабында.
Оның атап өтуінше, тұжырымдама жобасы қоғамдағы мінез-құлық этикасын қалыптастыру, отбасылық құндылықтарды нығайту (зорлық-зомбылыққа мүлдем төзбеу), еңбекқорлық пен кәсіпқойлық, жастардың экологиялық мәдениеті мен патриоттық рухын қалыптастыру сияқты міндеттерді қамтиды.
«Қазіргі уақытта министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен, қоғамдық бірлестіктермен және сарапшылық қоғамдастықпен бірлесіп, тұжырымдаманың негізгі бағыттарын айқындап, халықаралық тәжірибені және тағы басқасын зерделеуде», — деді Тамара Дүйсенова.