Адам баласын мына дүниеде ойландырмай қоймайтын үш үлкен сауал бар ? Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бөлім меңгерушісі
АЛМАТЫ. Мамырдың 20-сы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Адам баласын мына дүниеде ойландырмай қоймайтын үш үлкен сауал бар. Бұл жайлы кеше Алматыдағы Республика сарайында өткен «Иман, Ислам - өнерім, өмірім» деп аталатын рухани ән кешінде айтылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Ислам дінін насихаттау тек мешітте ғана емес, осындай үлкен сахналарда да болатынына бүгінгі кеш арқылы куә болып отырмыз. Адам баласын мына дүниеде ойландырмай қоймайтын үш үлкен сауал бар. Кіммін, қайдан келіп, қайда барамын деген. Бұл сұрақтардың жауабын күйбең тіршіліктің артында жүріп көп жағдайда ұмыт қалдырамыз. Сағым қуып жүріп, баянсыз жауаптармен өзімізді алдаймыз. Не үшін өмір сүресің десең, көп адам абдырап қалады», - дейді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының уағыз бөлімінің меңгерушісі Қайрат Жолдыбайұлы. Мысырдағы Әл-Азхар университетін бітірген ең алғашқы қазақ діндарының айтуынша, әрбір саналы азамат өзінің жаратылуы мен әлемнің сырын білуге ой жүгіртуі тиіс. Алла тағала Құран Кәрімде ? «Мен адамзатты мені танып, мені білсін, маған ғибадат етсін деп жараттым», дейді. Жалпы адамның бойындағы барлық қасиеттің қайнар көзі - Аллада. Алайда көп жағдайда біз адам қолымен жасалған туындыны көріп, мақтауға сөз таппай жатамыз да, бүкіл әлемнің жаратушысын мадақтауды естен шығарып аламыз.