Адам бір жылдан астам уақыт емханаға жүгінбесе, оған бөлінетін тариф төмендетіледі
АСТАНА. KAZINFORM — Бұрын емханалар адам бір рет те қаралмаса да «бекітілген» адамдар санына қарай қаржы алатын. Нәтижесінде 4 миллионнан астам адам (22%) нақты медициналық көмек алмағанымен, олар үшін қаржы бөлініп отырған.
Бұл айқын мәселе туындатты: адамдар дәрігерге жағдайы нашарлаған кезде ғана жүгінеді. Соның салдарынан қазір емдеуге жатқызудың шамамен 10 жағдайының 7-еуі шұғыл түрде жүзеге асады, ал олардың бір бөлігін емхана деңгейінде алдын алуға болатын еді.
Енді қағидат өзгереді: егер адам бір жылдан астам уақыт емханаға жүгінбесе, оған бөлінетін тариф аздап төмендетіледі.
Емханалар қаржының негізгі бөлігін сақтайды. Өзгерістің мақсаты — медициналық ұйымдарды пациенттермен белсендірек жұмыс істеуге ынталандыру: тексерулерге шақыру, скринингтерді еске салу, созылмалы ауруларды бақылау және жалпы пациентті назардан тыс қалдырмау.
Пациенттер үшін бұл — емханалардың назар аударуы күшейеді деген сөз. Адамдарды профилактикалық тексерулерге жиі шақырады, аурулар ерте анықталады, тиісінше емдеу жеңіл әрі тиімді болады.
Бұл өзгерістер ауыр жағдайлар мен шұғыл емдеуге жатқызуды азайтуға, стационарларға түсетін жүктемені төмендетуге және кезектерді қысқартуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар медицина қызметкерлерінің ынталандыруы күшейтілді: енді олар нақты нәтижелер үшін қосымша төлем алады — онкологиялық ауруларды, туберкулезді ерте анықтау, созылмалы ауруларды бақылау. Жүйе біртіндеп формалды қызмет үшін емес, нақты нәтиже үшін төлеу моделіне көшуде.
Кейбір жекеменшік емханалар бұл өзгерістермен келіспей, табыстың азаюынан қауіптеніп, сотқа жүгінген.
Алайда реформаның негізгі мәні басқа, қаржы нақты медициналық көмек көрсетілген жерге бағытталуы тиіс, тек тіркелген адамдардың есебін жүргізіп, сол үшін мемлекеттен қаржы алу тәжірибесінен бас тарту.
Медициналық-санитариялық алғашқы көмекті реформалау кезең-кезеңімен жүргізілуде. 2024 жылдан бастап жоспарлы емдеуге жатқызу үшін қажетті тексерулер саны қысқартылып, бюджет қаражаты мен пациент уақыты үнемделді.
Дәрігерлер өзіне тән емес функциялардан босатылып, пациент қабылдауға бөлінетін уақыт артты. Мейіргерлердің өкілеттіктері кеңейтіліп, олар бірқатар күнделікті міндеттерді өз мойнына ала бастады.
Медицина қызметкерлерінің уәждемесін арттыру мақсатында 2025 жылдың сәуірінен бастап еңбекақы төлеу моделі қайта қаралды: ана мен нәресте өлімін азайту, жүрек-қантамыр ауруларының алдын алу, онкологиялық аурулар мен туберкулезді ерте анықтау сияқты нақты нәтижелерге байланысты төлемдер енгізілді.
Бекітілген халықпен белсенді жұмыс жүргізілген жағдайда, бір учаскеге төленетін орташа қаржы көлемі тоқсанына 344 мың теңгеден 700 мың теңгеге дейін өсті. Бұл профилактикалық жұмысты күшейтуге және пациенттерді жүйелі бақылауға нақты ынталандыру болды.
Айта кетелік Астана медициналық туризм хабына айналып келетіні туралы жазған едік.