Адам қандай жағдайда тоқ ішектің қатерлі ісігіне шалдығады

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Тоқ ішектің қатерлі ісігі тоқ ішек пен тік ішекке әсер ететін және ерлер мен әйелдерде жиі кездесетін ауру түрі. Бұл туралы Алматы онкологиялық орталығының эндоскопия бөлімінің меңгерушісі Марат Есенболатов айтты.

аурухана
Фото: Pexels

«Тоқ ішек қатерлі ісігінің белгілері әр түрлі болуы мүмкін, олар ішек транзитінің өзгеруі, нәжістегі қан, іштің ауыруы, шаршау, себепсіз салмақ жоғалту. Бастапқы кезеңде ауру еш белгісіз өтуі мүмкін, бұл ауруды одан әрі қауіпті етеді», — деді дәрігер.

Оның айтуынша, тоқ ішек қатерлі ісігі дамуының негізгі қауіп факторлары — тұқым қуалау, дұрыс тамақтанбау, физикалық белсенділіктің жоқтығы, семіздік, темекі шегу және алкогольді шамадан тыс пайдалану. 

Сол себепті салауатты өмір салтын ұстанған жөн.

Сондай-ақ, белгілі бір жастан бастап немесе қауіп факторы орын алған кезде жүйелі түрде скринингтік тексеруден өту маңызды.

Аурумен күресудің негізгі әдісі — ісікті хирургиялық алып тастау, химиотерапия және сәулелік терапия.

«Тоқ ішек қатерлі ісігін дер кезінде диагностикалау және емдеу науқастың өмірін сақтауға, ұзақ жылдар белсенді өмір сүруіне мүмкіндік береді. Сондықтан денсаулықты дұрыс күтіп, қадағалап, күдікті белгі пайда болған кезде дәрігерге дер кезінде қаралу керек», — дейді Марат Есенболатов.

Алматыда онкологиялық көмекті 76 алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымы көрсетеді.

«2023 жылдың қорытындысы бойынша қалада скринингтік тексеру жоспарының орындалуы — 99,6%. Тоқ ішек обырына 89 923 науқас скринингтік тексеруден өтті. Скрининг нәтижесінде тоқ ішек қатерлі ісігінің 46 жағдайы анықталды», — деді онколог дәрігер Марат Есенболатов.