Адам капиталын дамыту институтының ашылуы - ел тарихының жаңа беті - академик Надир Надиров

ҚР Ұлттық кітапханасында өтіп жатқан бұл шараны Халықаралық адам институты ұйымдастырып отыр. Ол саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар мен отандық және шетелдік ғалымдар бірлесіп жасаған «Медиатехауыл» және Адам капиталын дамыту бағдарламасы - жол картасы бағдарламасының тұсаукесеріне арналды.
«Елдің орнықты дамуын қамтамасыз ететін Адам капиталын дамыту институты енді біздің елімізде де кеш болса да ашылып отыр. Меніңше, оның келешегі зор. Бағдарламаның тұсаукесер кезінде оны кім қаржыландырады деген сұрақ туындап, оған мемлекеттің араласуы қажеттігі айтылды. Жалпы институт тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ашылуы керек еді. Әлемде дамыған елдердің шикізаттың қоры болып қалмай, озық елдердің қатарында болу үшін мемлекет табиғат байлықтарына емес, адамның капиталына арқа сүйеуі керек», - дейді академик Н. Надиров. Надир Кәрімұлының айтуынша, адам капиталына арқа сүйеп, экономикасы қарыштап дамып келе жатқан Израиль, Жапония сияқты елдердің тәжіріибесі үлгі бола алады. Сондықтан бүгінгі оқиға ел тарихының жаңа бір жарқын беті деуге болады.