Адам капиталының дамуы - елдің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етудің басты факторы

АСТАНА. 10 желтоқсан. ҚазАқпарат - Адам капиталының дамуы - елдің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етудің басты факторы.

Адам капиталының дамуы - елдің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етудің басты факторы

Бұл пікірді бүгін Мәжіліс Төрағасының орынбасары, Қоғамдық Палатаның төрағасы Владимир Бобров айтты. ОлПарламентте Мәжіліс пен Қоғамдық Палатаның ұйымдастыруымен өткен «Адами капиталдың бәсекеге қабілеттілігі және оны заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету» тақырыбындағы ғылыми-практикалық конференцияда сөз сөйледі.

Елбасы Н.Назарбаев биылғы халыққа арнаған Жолдауында елдің 2020 жылға дейінгі стратегиялық жоспарында бірқатар маңызды істерді атқару керектігін мәлім етті. Соның ішінде Мемлекет басшысы адам капиталының бәсекеге қабі­леттілігін арттыру үшін болашаққа бел­сенді инвестициялау жасауды міндеттеді.

Конференцияда ҚР Білім және ғылым министрінің орынбасары Серік Ырсалиев әлемде бүгінгі күні бәсекеге қабілеттілік адами ресурстардың сапасына, өнімділігіне және икемділігіне байланысты екенін жеткізді. Батыстың алдыңғы қатарлы сарапшылары «дамыған елдер индустриялық кезеңге аяқ басқан сайын олардың алға өрлеуінде адами капитал маңызды роль атқаратынын» атап көрсетеді.

Қоғамдық Палатаның мүшесі, қаржы-экономикалық реформа және аймақтық даму секциясының жетекшісі, экономика ғылымдарының докторы Оразалы Сәбден баяндама жасады.

Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Динар Нөкетаева бүгінгі күні мемлекеттің экономикалық жетістігі ең алдымен адами фактормен, азаматтардың интеллектуалды әлеуетімен анықталатыны әлемде мойындалғанын айтты. «Жоғары дамыған экономикасыз алыс та жақын, жарқын болашақ мүмкін емес. Ғылыми зерттеу мен терең білімсіз экономиканың дамуы мүмкін емес»,- деді ол.

Сондай-ақ Қоғамдық Палата Төрағасының орынбасары, Қазақ гуманитарлық заң университетінің ректоры Мақсұт Нәрікбаев, «Назарбаев Университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамы атқарушы кеңесінің төрағасы Аслан Сәрінжіпов күн тәртібіндегі тақырып аясында баяндама жасап, өз ойларын ортаға салды.

Сонымен қатар Қоғамдық Палатаның мүшесі, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтары Федерациясының төрағасы Сиязбек Мұқашев, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті жанындағы Іргелі зерттеулер институтының директоры Асқар Арынғазин, «Парасат» Ұлттық ғылыми-технологиялық холдингі» АҚ басқармасының төрағасы Нұралы Бектұрғанов сөз сөйледі.

Конференцияға Парламент депутаттары, Мәжіліс жанындағы Қоғамдық Палатаның мүшелері, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері, сондай-ақ білім және ғылым, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау министрліктерінің басшылары, жоғары оқу орындарының ректорлары, ғалымдар мен бірқатар мемлекеттік органдардың өкілдері қатысып, өз пікірлерімен бөлісті.

Конференцияның соңында қорытынды сөз сөйлеген Мәжіліс Төрағасының орынбасары, Қоғамдық Палатаның төрағасы Владимир Бобров ортақ пікірлер негізінде қорытынды құжат дайындалатынын жеткізді.