Адам көп жиналатын нысан иелері өрттен сақтандыру рәсімдей алады

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда адам көп жиналатын нысандар иелерінің өртке қатысты жауапкершілігін сақтандыру енгізілуі мүмкін. Бұл туралы ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Мария Хаджиева айтып берді.

Адам көп жиналатын нысан иелері өрттен сақтандыру рәсімдей алады
Фото: Мухтор Холдорбеков/ Kazinform

«Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп, өрттен адамдар көп жиналатын объектілер иелерінің жауапкершілігін сақтандыруды енгізу бойынша заңнамалық түзетулер әзірленіп жатыр. Мұндай сақтандыру сауда орталықтары мен ауданы 2 000 шаршы метрден асатын адамдар көп жиналатын ірі объектілерде өрттен зардап шеккен адамдарға өтемақы жасалуын қамтамасыз етеді. Заң жобасы ҚР Парламенті Мәжілісінің қарауында», - деді ҚНРДА өкілі Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында. 

Оған қоса, спикердің айтуынша, Үкіметте ерікті мүліктік сақтандыруды ынталандыру жөніндегі ұсыныстар қаралуда және табиғи апаттарға бейім өңірлерде азаматтардың жылжымайтын мүлкін апаттар тәуекелінен қорғау бойынша шаралар кешені әзірленіп жатыр.

Айта кетейік, кейінгі 5 жылда сақтандыру төлемдері 102 млрд теңгеден 176 млрд теңгеге дейін 70%-ға ұлғайды. Әсіресе міндетті автосақтандыру, мүлікті ерікті сақтандыру және ауырған жағдайда ерікті сақтандыру көшбасшы атанды.