Адам құқы жөніндегі комиссияның кезекті кеңейтілген отырысы өтті

Жиында білім және ғылым министрлігі Балалар құқын қорғау комитетінің қызметі туралы мәселе қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазіргі таңдағы деректерге қарағанда, Қазақстанда шырқы бұзылған отбасылардың саны 12 мыңнан астамды құрап отыр. Тек 2008 жылдың өзінде ғана еліміз бойынша 854 азамат ата-ана құқығынан айырылды. Бүгінгі күні жетім балалар үйі ұйымдарынан шыққан жасөспірімдерді тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі де өзекті шаралардың бірі ретінде қалып отыр. Бұдан бөлек балаларға қатысты зорлық-зомбылық, олардың қадағалаусыз қалуы мен қаңғыбас балалардың көбею жайы да алаңдатарлық», деді жиынды ашып сөз сөйлеген ҚР Президенті жанындағы Адам құқы жөніндегі комиссия төрағасы Сағынбек Тұрсынов.
Оның айтуынша, ағымдағы жылы 6 мыңға тарта қараусыз, қадағалаусыз қалған балалар тіркелген. Жиын барысында сондай-ақ, балаларды заңсыз еңбекке жегудің алдын алу шаралары талқыланды. Бұл ретте шаруа қожалықтары мен фермерлік ұйымдарда баланы заңсыз еңбекке тарту фактілері жиі тіркелетіндігі айтылды.