Адам құқығы баланың құқықтарын қорғаудан басталады - Артур Ластаев

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев Шымкент қаласындағы №6 балаларға арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомство сайтына сілтеме жасап.

Адам құқығы баланың құқықтарын қорғаудан басталады - Артур Ластаев
Фото: gov.kz

Омбудсмен ерекше балалардың орталықта тұру шарттарымен, оңалту және көмек көрсету функцияларының тиімділігімен танысты. Қозғалысты дамыту, денсаулықты нығайту, оңалту және емдік дене шынықтыру іс-шараларының сапасын көтеру мақсатында құрылған емдеу-дене шынықтыру сабағына арналған бөлмені қарап шықты. Директор К. Ауанасова заманауи медициналық құрал-жабдықтар мен оңалту іс-шараларының арқасында бүгінде мүгедектігі бар балалар денсаулығының жақсарғанын жеткізді.


Орталықта қазіргі уақытта 139 бала стационарлық жағдайда, 89 бала жартылай стационарлық жағдайда түрлі қызмет түрлерін алады. Оларға 8 арнайы әлеуметтік-психологиялық қызмет көрсетіледі.

А. Ластаев мүмкіндігі шектеулі балаларды қорғау мәселесі әрқашан мемлекеттің ерекше бақылауында екенін, оларды қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шаралар қабылданып жатқанын атап өтті. Ол сондай-ақ, мекеме жұмысын бағалап, мүгедек балаларға күтім жасау үнемі мейірімділік пен шыдамдылықты қажет ететінін сөз етті. Балалардың құқықтарының бұзылуына жол бермей, көмек қолын созу басты назарда болуы тиіс.


«Адам құқықтары баланың құқықтарын қорғаудан басталады. Біз бұл туралы ұмытпауымыз керек. Бүгін оларды қорғау арқылы, біз бүлдіршіндердің балалық шағын қауіпсіз, жарқын ете аламыз», - деді Омбудсмен.