Адам құқықтары жөніндегі комиссия мүгедектер мәселесін қарады
АСТАНА. 21 қараша. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет үйінде ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның кеңейтілген мәжілісінде мүгедектер мәселесі қаралды. Ол бойынша ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова есеп берді.
Министрдің айтуынша, бүгінгі таңда мүмкіндігі шектеулі азаматтардың емін-еркін жүріп-тұруына жан-жақты жағдай жасау бойынша нақты шаралар қолға алынып жатыр. Атап айтқанда, «Мүгедектердің құқықтарын қорғау бойынша кейбір заң актілеріне өзгерістер мен толықтырудар енгізу туралы» заң жобасының тұжырымдасы әзірленіп, оның аясында 24 заң актілері өзгереді. Алайда «Намыс» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қайрат Иманалиевтің сөзіне қарағанда, бұл жұмыс аздық етеді. «Біздіңше, өзгеріске ұшырайтын заңдардың саны 36 болуы тиіс», - дейді Қ.Иманалиев.
Т.Дүйсенова атап көрсеткендей, келесі жылдан бастап жол инфрақұрылымын мүгедектердің ыңғайына қарай салу жоспарланған. Осыған орай, жүздеген жол белгілері мен дауыс беру құрылғылары орнатылмақ. «Сондай-ақ инватакси, яғни әлеуметтік такси қызметін дамыту жоспарланып отыр. Қазіргі кезде барлық облыстарда 102 инватаски жұмыс істейді. Олар жыл сайын 190 мыңнан астам мүгедекке қызмет көрсетеді. Келесі жылы осы қызметті дамытуға 91 млн. теңге бөлінеді», - дейді Т.Дүйсенова.
Комиссияның бүгінгі отырысы бойынша мүгедектердің құқығын қорғау бойынша мүмкіндігі шектеулі азаматтар бойынша заңнаманы жетілдіру, БҰҰ-ның мүгедектер құқықтары туралы Конвенциясын ратификациялау және тағы басқа ұсыныстар жасалды.