Адам құқықтары жөніндегі комиссияның өкілдері Астанадағы Балалар үйінде болды
АСТАНА. 28 сәуір. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бүгін ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның өкілдері Астанадағы Балалар үйінде болып, осы мекемеде тәрбиеленіп жатқан жасөспірімдердің тұрмыс жағдайымен жан-жақты танысып шықты.
Комиссия төрағасы Сағынбек Тұрсынов атап көрсеткендей, жыл басынан бері комиссияның қарауына балалар құқықтарын бұзу оқиғалары бойынша 32 арыз келіп түсті. «Онда тәрбиешілердің өз қызметін асыра пайдаланып, шәкірттерді ренжітетін жағдайлар туралы жиі айтылады. Осы мәселені тексеріп болғаннан кейін біз «Қазақстандағы адам құқықтарының жағдайы туралы» жыл сайынғы баяндамамызды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа ұсынатын боламыз. Бұл құжат шамамен мамырдың орта шенінде дайын болмақ», - деді С.Тұрсынов.
Өз сөзінде комиссия төрағасы Астанадағы Балалар үйінде атқарылып жатқан жұмыстарға, сондай-ақ осы мекемедегі жасөспірімдерге тәрбие беру және олардың денсаулығын сақтау бойынша қолға алынған іс-шараларға жоғары баға берді.