Адам құқықтары жөніндегі комиссияның отырысында Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің қызметі талқыланды

АСТАНА. Наурыздың 17-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның кезекті кеңейтілген отырысы болып өтті. Жиын барысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің қызметі, мемлекеттік қызметке қолжетімділігі бойынша азаматтардың конституциялық құқықтары, сондай-ақ мемлекеттік қызметкерлердің құқықтарын қамтамасыз ету мәселелері талқыланды,

Адам құқықтары жөніндегі комиссияның отырысында Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің қызметі талқыланды

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жиын барысында комиссия төрағасы Сағынбек Тұрсынов Қазақстанның тәуелсіздік алған жылдардан бері қарай мемлекеттік қызмет істеріне ерекше мән берілгенін, мемлекеттік қызметкерлердің құқықтық мәдениетін арттыру бойынша нақты шаралар атқарылғанына тоқталып өтті. Оның айтуынша, Қазақстан ТМД елдері арасында алғашқылардың бірі болып «Мемлекеттік қызмет туралы» заңды қабылдаған. Елбасы өзінің Жарлығымен посткеңестік елдер арасында бірегей болып табылатын мемлекеттік қызметкерлердің Ар-намыс кодексін бекітті.

«Жалпы, бүгінгі даму барысында мемлекет үшін өмірдің барлық салаларында кездесетін міндеттерді шеше алатын аппарат қажет. Бұл ретте барлық мәселелер уақытылы шешімін табуы тиіс. Мемлекеттік қызметкер кәсіби даярланған, саяси шыңдалған әрі патриоттық көңіл күйде қызмет ете алуы шарт», деді С. Тұрсынов.

Жиын барысында тақырыпқа орай, ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік төрағасы Қайрат Нұрпейісов баяндама жасады. Бұның негізінде Адам құқықтары жөніндегі комиссияның саладағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған ұсыным қорытындылары әзірленетін болады.