Адам құқықтары жөніндегі уәкіл соққыға жығылған баланы өз бақылауына алды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматы қаласында соққыға жығылған баланың оқиғасы қоғамда үлкен резонанс тудырды. Әйелдің бөтен балаға қатысты танытқан қатыгездік көрінісі бар бейнежазба бұқаралық ақпарат құралдарында 2017 жылғы 12 маусымда таралды.

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл соққыға жығылған баланы өз бақылауына алды

Аталған оқиғаға байланысты әлеуметтік желілерде оны бағалауда әркелкі пікірталас, оның ішінде балаларға қатысты қатыгез, ар-намысын қорлайтын іс-әрекеттеріне жол бермеудің негізгі қағидаттарына қарама-қайшы пайымдамалары қалыптасты, деп хабарлайды Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің баспасөз қызметі.

Мән-жайды анықтап және қажетті көмек көрсету үшін Қазақстандағ Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің тапсырмасы бойынша Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың Азаматтардың өтініштерімен жұмыс жөніндегі басқармасының басшысы Ришат Рахимов оқиға орнына жолға шықты.

Омбудсменнің өкілі құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен кездесіп, олар баланы ұрып-соғу туралы факті бойынша шаралар қабылданып жатқанын, атап айтқанда, сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғаны туралы ақпараттандырды. Баланың алған дене жарақатының ауырлық дәрежесін анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалды. Дене жарақаттарының бар-жоғын анықтайтын бастапқы медициналық куәландыру жанжал шыққан күні жедел жәрдем келген кезде жүргізілген.

Тергеп-тексеру нәтижелері бойынша болған оқиғаға байланысты тиісті құқықтық баға берілетін болады.

Омбудсменнің өкілі екі тараппен және де оқиғаның кәугерлерімен, сондай-ақ ата-анасының келісімімен зардап шеккен баламен әңгіме жүргізді.

Тиісті әңгімелесулер барысында Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілі жанжалдың қатысушыларына қажетті жан-жақты құқықтық көмек көрсетті. Сондай-ақ, кәмелетке толмаған балаға қажетті психологиялық қолдау көрсету үшін білікті маманды тартуға жәрдемдесті.

Баланың құқықтарын тиісті қорғауды қамтамасыз ету, ең бастысы - объективті тергеу жүргізу мақсатында ҚР Омбудсмені жағдайды бақылауға алды. Тиісті сұрату хат прокурорлық ықпал ету шараларын қолдану үшін Бас прокуратураға жіберілді.