Адам мен оның өмірін ең қымбат қазына ретінде белгілеген Конституция - барша заңдардың бастауы - Қ. Мәми
АСТАНА. 30 тамыз. ҚазАқпарат - Бүгін елімізде Қазақстан Республикасының Конституция күні кеңінен аталып өтуде.
17 жыл бұрын, 1995 жылы бұл күні республикалық референдумда Қазақстанның жаңа Конституциясы қабылданып, 30 тамыз мемлекеттік мереке - Қазақстан Республикасының Конституциясы күні болып жарияланған еді. Осы айтулы күнге орай, ҚР Парламенті Сенатының спикері Қайрат Мәми өзінің интернеттегі жеке парақшасы арқылы барша қазақстандықтарды құттықтады.
«Сіздерді тәуелсіз мемлекетіміздің Ата заңы - Конституция күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары ең қымбат қазына ретінде белгіленген біздің еліміздің Конституциясы мемлекетіміздегі барлық заңдардың бастауы болып табылады. Отанымызда еркіндік, теңдік және татулық мұраттарын ту еткен, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқының бейбіт өмірі мен тыныштығы басты құндылық саналады.
Сіздерге мықты денсаулық, еңбекте толассыз табыстар, отбасыңызға құт-береке мен баянды бақыт тілеймін! - деп жазады өз құттықтауында спикер Қ. Мәми.