Адам өлімімен аяқталған жастар арасындағы жанжал: Колледж студенті сотталды
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында адам өлтіріп, қашып жүрген тұрғын 11 жыл 3 айға сотталды. Ордабасы аудандық соты кісі өліміне кінәлі жігітті жазасын қатаң тәртіптегі колонияда өтеуге үкім шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық ІІД баспасөз қызметінің мәліметінше, қылмысты оқиға өткен жылдың 27 қарашасында түнгі уақытта болған.
«Ордабасы аудандық ішкі істер басқармасының кезекші бөліміне 22 жастағы жігіттің ауруханаға барар жолда қайтыс болған туралы хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына жеткен полицейлер бір топ жастардың араларында жанжал туындағанын анықтады. Белгісіз біреу 22 жастағы жігітке пышақпен дене жарақатын салып, оқиға орнынан бой тасалаған. Алған дене жарақатының салдарынан ауруханаға барар жолда жоғары оқу орындарының соңғы курс студенті көз жұмды. Адам өліміне себепші болған қылмыскерді табу мақсатында тәртіп сақшыларынан жедел-тергеу тобын құрылып, оны іздеу шаралары жүргізілді. Күдікті 1995 жылы туған колледждің студенті әрі осы ауданның тұрғыны екені белгілі болды», делінген хабарламада.
Жедел із кесушілерге сезіктіні қолға түсіру оңайға соқпаған. Себебі іздеуде жүрген жігітті туыстары Мақтарал ауданында жүр десе, артынша оның Алматы қаласына қашып кеткені анықталған. Ақшасы таусылған күдікті қайтып Ордабасы ауданына оралған. Полицейлер оны тек 1 желтоқсанда қолға түсірді. Тергеу кезінде ол өзінің жасаған қылмысын толық мойындаған. Әрі болған оқиға тойханалардың бірінде орналасқан бейнекамераға түсіп қалған болатын. Айғақты зат ретінде күдіктінің өзі оқиға орнынан қашып бара жатып, жол бойына лақтырып кеткен қару да табылған еді.