Адам өліміне әкеп соққан Тараздағы төбелес видеоға түсіп қалды

ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбылдық тәртіп сақшылары әлеуметтік желілерде тараған төбелес туралы видеоға пікір білдірді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Адам өліміне әкеп соққан Тараздағы төбелес видеоға түсіп қалды

Видеоға түсіп қалған көріністе Төле би - Фурманов көшелерінің қиылысында  бес машина тоқтап, біреуінен адамды сурып алып шығып бес адам соққының астына алады. Одан кейін «Гольф» автомобилі келіп төбелеске қатысушылардың бірін қағып өте шығады.

«Сіңілімнің күйеуін өлтіріп кетті» деп жазады, пікір қалдырған әлеуметтік желі қолданушылардың бірі.

Жамбыл облыстық ІІД баспасөз қызметі хабарлағандай, 1 қаңтар күні түнгі сағат бір жарым шамасында Тараз қаласының жедел жәрдем ауруханасына 29 жастағы жігіт жеткізілген. Пациент келесі күні есін жимастан жан сақтау бөлімінде көз жұмды.

«Аталған факты бойынша ҚР ҚК 99-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде. Анықталғандай, жәбірленушінің өліміне   «Фольксваген Гольф-3» көлігінің әдейі келіп соғылуы себеп болып отыр. Күдіктінің аты-жөні анықталды.  Ол Тараз қаласының тұрғыны. Қазір полицейлер күдіктіні іздестіру, қолға түсіру жұмыстарын жалғастыруда»,-делінген ведомство таратқан мәлімдемеде.

Сонымен қатар, «ВАЗ-2114» көлігінде болған төрт адамға қатысты бұзақылық фактілер де назарға алынып, төбелеске қатысқан адамдардың барлығын тексеру шаралары жүргізілмек.