«Адам саудасы қанша пайда әкеледі?» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА.  29 тамыз. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 29 тамыз, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Адам саудасы қанша пайда әкеледі?» - республикалық басылымдарға шолу

   ***

Кеше Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жаңадан тағайындалған Қазақстан Республика­сын­дағы елшілерден сенім грамоталарын қабылдады. Президентке Австрия Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Вольфганг Баняй, Румынияның Төтенше және өкілетті елшісі Николае Уреке, Вьетнам Социалистік Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Нгуен Ван Хоа, Грузия Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Давид Мумладзе, Испания Корольдігінің Төтенше және өкілетті елшісі Мануэль Ларротча Парада, Нидерланды Корольдігінің Төтенше және өкілетті елшісі Пейтер Ван Леувен, Түрік Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Омер Бурхан Тузель сенім грамоталарын тапсырды.  Мемлекет басшысы рәсім кезінде сөйлеген сөзінде елшілерді Қазақстан Республикасын­да­ғы дипломатиялық миссияларының басталуымен құттықтады. «Сіздердің қызметтеріңіз сенім мен өзара түсіністікті нығайтуға, екі жақты ынтымақтастықтың әлеуетін барынша ашуға бағытталады деп сенемін. Қазақстанның сыртқы саясаты үшін биылғы жылдың маңызды мәні бар. Биыл біз Қазақстанның сіздердің елдеріңізбен дипломатиялық қатынастар орнатқанына 20 жыл толуын атап өтеміз. Осы уақыт ішінде біздің елдерімізде кең ауқымды өзгерістер болып өтті. Ол екіжақты қарымқатынастардың дамуына оң ықпал етті», - деді Нұрсұлтан Назарбаев. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында жарық көрген «Сенім грамоталарын қабылдады» атты мақалада жазылған.

Аталмыш басылым кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қайрат Мәми Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен келген Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің Төрайымы Валентина Матвиенкомен кездескені туралы да жазады. Кездесу алдымен шағын құрамда болып, одан әрі екі жақтың делегация мүшелері қатысқан кеңейтілген құрамда жалғасты. Кездесуден кейін баспасөз өкілдерімен болған брифингте Қайрат Мәми екі елдің арасындағы парламентаралық ынтымақтастық және оны одан әрі дамыту мәселелері сөз болғанын айтты. Сонымен бірге, Төраға Қазақстан мен Ресейдің стратегиялық әріптестігін ілгерілетудегі маңызды құрал болып табылатын екіжақты қатынастар мен парламентаралық байланыстарды одан әрі нығайтуда осы сапардың маңыздылығын атап өтті. Бұл мақала «Парламенттер қызметіндегі жаңа кезең» атты тақырыппен берілген.

***

«Алаш айнасы» газетінің бұл нөміріндегі мақала компьютерлік жүйенің дамуының адамзатқа әсері жайындағы мәселеге арналады. «Қазақтың дала философиясы «Заманына қарай адамы» дейді. Шетелдің бір білгіші «Әрбір кезеңнің өзінің қияли-шалысы бар» депті. Рас екен. Бүгінде ғалымдар Алланың аса сүйікті жаратылысы - адамның жүйке жүйесінде ғылыми-техникалық дамудың салдарынан пайда болатын психопатологиялық жағдайлармен бетпе-бет келіп отыр. Бізде қайдам, ал шетелдің психиатриясындағы мамандар ғылыми-техникалық дамудың әсерінен жүйкесіне салмақ түскен науқастардың артып келе жатқанын айтумен келеді. Адамды мұндай күйге душар етушінің алдыңғы қатарында виртуалдық тәуелділік бар екен. Яғни жансыз болса да, етене егізіңізге айналып кеткен компьютер»,-деп жазады басылым. Осы жайында басылым тілшісінің   «Әлемді шарпыған компьютер дерті жүйкені жеп барады» деген мақаласынан оқи аласыздар.

Осы басылымның ой көкпар айдары да бас мақаланы толықтырып тұр. «Ресейдегідей балаларды зиянды ақпараттардан қорғау туралы заң керек пе?» деген тақырыпты жазушы Советхан Ғаббас пен профессор, академик Аман Құлбаев талдайды.

***

«Айқын» газетінің жазуынша, миграция жөніндегі халықаралық ұйым былтырғы жылдың басынан биылғы тамызға дейінгі аралықта орталықазия аймағында 248 адам сату фактісін тіркеген, оның 126-сы Қазақстанда еріксіз жұмыс істеуге мәжбүрленгендер. Құлдыққа түскендердің жастары 18-25 аралығында. Құқық қорғау органдарының санағы бойынша жыл басынан бері республикада 107 адам құлдыққа сатылудың құрбаны болған. Осы жайында басылымның бүгінгі санындағы «Адам саудасы қанша пайда әкеледі» атты материалда толық жазылған.