Адам саудасы қазір күллі әлемді толғандырып отырған мәселе - А.Дінмұхамед
АЛМАТЫ. 4 наурыз. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Халықаралық сарапшылардың пайымдауынша, адам саудасы есірткі мен қару саудасынан кейінгі орында тұр.
Бұл жайында бүгін Алматы қаласы Әділет департаменті бастығының орынбасары Адайбай Дінмұхамед Әмбебап кезеңдік шолудың ҚР 2009-2012 жылдарға арналған адам құқығы саласындағы Ұлттық іс-қимыл жоспарының орындалуын талқылауға арналған дөңгелек үстелде айтты.
Оның айтуынша, адам саудасы қазіргі таңда күллі әлемді толғандырып отырған мәселе. «Қазақстан Әділет министрлігі әлемдік ауқымдағы адам саудасы мәселесі күресінен ұлттық деңгейде үлестіруші болып табылады. Заңдарға сәйкес әзірленетін және қабылданатын саясат, бағдарламалар мен басқа да қабылданатын шаралар тиісті ұйымдар мен азаматтық қоғамның басқа да әлеуеттерін қамтиды», -дейді А.Дінмұхамед.
А.Дінмұхамед адамдарды сату, оны құлдыққа салу мен күрес бүгінгі құқық қорғау орындарының басты қызметі екендігін және мұндай әрекетпен әрбір азамат белсене күресіп, құқық қорғау органдарына көмекші бола білуі тиістілігін жеткізді.
Әмбебап кезеңдік шолу - адам құқығы жөніндегі БҰҰ мүше мемлекеттерінің адам құқығы саласындағы саясатын төрт жылда бір рет қарауды болжамдайтын тетігі. ҚР 2009-2012 жылдарға арналған адам құқығы саласындағы Ұлттық іс-қимыл жоспары заңнама мен құқық қолдану тәжірибесін, адам құқығын қорғаудың ұлттық жүйесін жетілдіру жөніндегі нақты қадамдарды көздейтін біріккен бағдарлама болып табылады.
ҚР Әділет министрлігі, Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасымен бірігіп және Қазақстандағы Нидерланд Елшілігі, ҚР Сыртқы істер министрлігі, БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы Комиссары қолдауымен өтіп отыр.