Адам саудасы мәселесі күн тәртібінен түспей тұрған әлемдік құбылысқа айналды - Қ. Сұлтанов

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Адам саудасы мәселесі бүгінде күн тәртібінен түспей тұрған әлемдік құбылысқа айналды. Бұл туралы бүгін Алматыда ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның «Қазақстан Республикасындағы адам саудасына қарсы іс-қимыл саласындағы адам құқықтарын қорғаудың өзекті проблемалары» атты арнайы баяндамасының халықаралық тұсаукесері барысында аталмыш комиссияның төрағасы Қуаныш Сұлтанов мәлімдеді.
None
None

Оның айтуынша, адамзат 21 ғасырға аяқ басып, ғылым мен техника дамып, адамдардың әл-ауқаты артып жатса да, адам саудасы мәселесі заман ағымына қарай өзгере түсіп, әлі күнге дейін жойылмай келеді.

«Бүгінде бүкіл әлем бойынша миллиондаған адам, адам саудасы бойынша әр түрлі қысымдықтарға ұшырап жатыр. Қазақстанда соңғы бірнеше жылдың ішінде 1160 адам осындай жағдайға душар болған. Бірі із-түссіз жоғалып кетсе, енді бірінің құқығы шектелген, қала берді ұрланған. Өкінішке қарай, олардың дені жастар және кәмелетке толмаған балалар. Сондықтан біздің комиссия тұңғыш рет осы мәселені көтеріп, оған қоғам және мемлекет назарын аудару үшін, отандық сарапшыларды тартып, бірнеше айдың ішінде осы баяндаманы әзірлеп шықтық. Енді оны Елбасына, мемлекеттік органдарға, сонымен қатар Еуропадағы ынтымақтастық және қауіпсіздік ұйымы (ЕҚЫҰ) мен Біріккен ұлттар ұйымына (БҰҰ) жібереміз. Баяндамада елімізде және әлемде заңдық кеңістікті қалыптастыру бойынша бірқатар тың ұсыныстарымызды ортаға салдық» - деді Қ. Сұлтанов.

Сонымен қатар, Қуаныш Сұлтанұлы ел тыныштығын сақтауда, әсіресе сырттан келетін қауіп-қатерлерге дайын болу керектігін айтты.

«Қалай болған күнде де бірде-бір адамның құқығының шектелуіне жол беруге болмайды. Сондықтан, бірінші кезекте мемлекетіміздегі тұрақтылықты тіл-көзден сақтасын. Бірақ, әлемнің көптеген елдерінде әлеуметітк қайшылықтар, қарулы қақтығыстар болып жатқаны баршаға мәлім. Яғни, бейқам отыруға әсте болмайды. Біз секілді тыныш отырған елдердің тыныштығын бұзуға әуестенетіндердің бар екенін ескерген жөн. Біз қауіпсіздігімізді қамтамасыз етіп, етек-жеңімізді жиып жүруіміз керек» -деді Қ. Сұлтанов.

Сондай-ақ, ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы көбінесе сот шешімдеріне байланысты арыз-шағымдардың түсетіндігін жеткізді.

«Біздің комиссияға тікелей адам саудасына қатысты түсетін арыздар аз. Негізінен сот және құқық қорғау органдарының, әкімдіктердің шешіміне және тұрмыстық жағдайларға байланысты түседі. Дегенмен, біздің комиссияның құзыры шектеулі. Енді әр адам өз қылығын дұрыс деп есептуге бейім ғой. Сондықтан, біздің сарапшылар олардың арыз-шағымдарына құқықтық тұрғыдан баға беріп, орын алған жағдайға байланысты әділдік жағын анықтайды. Сөйтіп, осы мәселе бойынша тиісті органдарға хат жазып, олардан жауап алуға құқымыз бар» - деді Қ. Сұлтанов.

Соңғы жаңалықтар