Адам саудасымен байланысты қауіп Қазақстанда да етек алып келеді

«Өкінішке орай, адамдарды еркінен тыс жұмысқа пайдалану жағдайлары елдің өз ішінде де қалыптасты. Біз бүгінгі Халықаралық адам саудасы құрбандарын еске алу күнінде құлдықта мерт болған азаматтарды бір уақыт еске алып, қоғам назарын осы бір өзекті де күрделі мәселеге аударуды жөн санап отырмыз», деді З.Байсақова.
Оның сөзіне қарағанда, Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының төрағасы ретінде адам саудасы мен балаларды саудалауды тоқтатуға көп күш салып отыр. «Десек те,
осы бір зұлым әрекеттің нысанына айналған азаматтар бізде де жеткілікті. Сондықтан азаматтар адам саудасы, құлға айналдыру әрекеттері жөнінде қандай да бір ақпараттардан хабардар болса, оны құзырлы органдарға хабарлап отырғандары жөн», деді Басқарма төрайымы.
Оның сөзіне қарағанда, адам саудасына қатысты фактілер дәлелденбей қалатын кездері де болады. Соған қарамастан, мұндай әрекеттерден құзырлы органдар хабардар болып отырғаны дұрыс. «Тамыздың 23-і - БҰҰ-ның күнтізбесі бойынша Халықаралық адам саудасы құрбандарын еске алу күні. Сондықтан «Дағдарыс орталықтары одағы» заңды тұлғалар бірлестігі, Ішкі істер министрлігінің Криминалдық полиция комитеті, Халықаралық көші-қон ұйымының қолдауымен Алматы мен Астана қалаларында бүгін «Адам саудасына тоқтау салайық» атты акция ұйымдастыруда», деді З.Байсақова.