«Адам саудасының құрбаны» ұғымының құқықтық аясы кеңейтіледі
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ішкі істер министрлігі «Адам саудасына қарсы күрес туралы» заң жобасы арқылы «адам саудасының құрбаны» ұғымының құқықтық аясын кеңейтуді ұсынып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ішкі істер министрлігі «Адам саудасына қарсы күрес туралы» заң жобасын әзірлеп жатыр. Бұл құжат декларативті акт болмауы керек. Ол қолданыстағы барлық ақтаңдақтар» мен «көлеңкелі аймақтарды» жоюы керек.
Заң жобасында қылмыстық іс қозғалған, қозғалмағанына қарамастан, «адам саудасының құрбаны» ұғымына заңдық анықтамасы қарастырылмақ», - деді ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Астанада өтіп жатқан құқықтық форумда.
Сондай-ақ, ол аталған ұғым адам саудасына тартылған азаматтарға мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек заң аясында регалменттелетінін түсіндірді.
«Осылайша оның уақытша баспанаұсыну, бірінші кезекте қажетті заттармен қамтамасыз ету, медициналық тексеру, үйіне жетуіне жәрдемдесу, психологиялық кеңес беру, кәсіптік бағдарлау сияқты кешенді әлеуметтік көмек алуына құқықтық негіздер жасалады», - деді министр.
Фото: calcagnilaw.com