«Адам тұру мүмкін емес»: жұпыны үйді паналаған қазалылық отбасыға қандай көмек көрсетіледі
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Әлеуметтік желіде Қызылорда облысының Қазалы ауданында бір отбасының қабырғасы қаусап, сұрқы қашқан үйде тұрып жатқаны туралы бейнежазба тарады.
Бейнежазбадан ол үйде адам тұру үшін ешқандай қолайлы жағдай жоқтығын байқауға болады. Талай жылдан бері жөндеу жүргізілмеген. Аудан әкімі Алмасбек Есмаханов Kazinform тілшісінің тұрмыстың тауқыметін тартып отырған отбасыға қандай қолдау көрсетілетіні туралы сұрағына жауап берді.
— Әлеуметтік желілердегі парақшамды өзім жүргіземін. Тұрғындар тарапынан келіп түскен сұрақтарға мүмкіндігінше жауап беруге тырысамын. Маған бұл отбасының қиын жағдайда қалғаны жөнінде Instagram арқылы тұрғындардың бірі жазды. Дереу орынбасарымды шақырып, кент әкімімен бірге барып, мәселені зерттеуді, қандай көмек керек екенін білуді тапсырдым, — деді ол.
Алайда үй иелері уақытша баспана мен медициналық көмектен бас тартқан. Сонда да кейуана мен ұлына жергілікті әкімдік қолдан келгенше көмектесіп жатыр.
— Апамыз бен бауырымыздың денсаулығына қатысты қорытындыны медициналық мекеме береді. Ал біз үйін жөндеп береміз. Ішін әктеп-сырлап, пластик терезе салдырып, еденін алдырып, бетон құйып, линолеум төсеп, қалыпқа келтіріп береміз. Бұл кісілер — негізі Қазалының тұрғындары. Бірақ мекен-жайы Төретам кентінде тіркелген. Мамандар тиісті медициналық қызмет көрсету үшін Қазалы ауданына ауыстыру бағытында жұмыс жүргізіп жатыр. Қайткен күнде де қайырымды болып, оларды далада қалдырмауымыз керек, — деді аудан әкімі.
Қазалы ауданының әкімі Алмасбек Есмаханов бұған дейін Қазалы ауданындағы Қазалы-Қожабақы-Бозкөл-Кәукей автомобиль жолының 16-шақырымындағы Қарлаң учаскесінде темір бетонды көпір құрылысы қашан аяқталатынын айтқан болатын.