Адам ұрлаймын деп он жылға сотталды - Қызылорда облысы

Сотталушы С. жәбірленушімен 9 жылдан астам уақытта жақын қарым-қатынаста жүрген. Оны қызғанып, сәл нәрсені желеу етіп, ұрып-соққаны үшін 2 рет әкімшілік және 1 рет қылмыстық жауапкершілікке тартылған да болатын. Бір сөзбен айтқанда, сотталушы жәбірленушінің әрдайым жүріс-тұрысын, кімдермен араласатынын, қайда барғанын, оның уақыттарын қадағалап, ал жәбірленуші оның айтқан талаптарын орындауға мәжбүр болған.
Осы жылдың көктемінде жәбірленушінің жұмысында тексеру болып жатқандығына байланысты, ол үйге кеш қайтып жүрген. Осыны басқаша түсінген сотталушы оны қызғанып, екі күн бойы балағат сөздер жазып, қорқытып, хабарламалар жіберіп отырады. Келесі күні түнгі уақытта жұмысына барып, оны сыртқа шығарып алып, қорқытып, еркінен тыс автокөлігінің артқы орындығына отырғызып, қатты жылдамдықпен жүріп кеткен. Жәбірленуші қатты жылдамдықпен келе жатқан көлік есігін ашып, жерге секіріп түседі. Алған дене жарақаттардан ол ауруханада көз жұмды.
Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен сотталушы С. ҚР ҚК-нің 115-бабымен (қорқыту) және 125-бабының 3-бөлігінің 3-тармағымен (абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеліп соқтырған адам ұрлау) кінәлі деп танылып, түпкілікті 10 жылға бас бостандығынан айырылды, жазасын қатаң режимдегі түзеу колониясында өтеу белгіленді. Үкім заңды күшіне енген жоқ.