Адам жанына салған жара жазылмайды – психолог
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Психолог Гүлнұр Бисекова ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас, отбасындағы жанжал мен оны шешу жолдары, бала тәрбиесі туралы Kazinform тілшісіне сұхбат берді.

- Соңғы кездері адамдардың тез ашуланып, күйгелек болып бара жатқанын көріп жүрміз. Дәрігерлер бұл кезде түрлі дәрумен қабылдауға кеңес береді. Психолог маман ретінде айтыңызшы, адам өз-өзін қалай сабырға шақыра алады?
- Дұрыс айтасыз, болмашыға ашуланып, күйзеліске түсу қазіргі заман адамдарының бойына сіңген қасиетке айналып барады. Олай дейтініміз, қоғамдық көлікке мінсеңіз де, сауда орталықтарына барсаңыз да таңертең, кешке ашуға бой алдырып, бір-бірімен керісіп жатқан көріністердің куәсі боламыз. Осындайда ойыңа «адамдар неге ашуланшақ болып кеткен» деген сұрақ келеді. Бұл сұраққа жауап көп және біржақты қарауға болмайды. Бәлкім заман өзгерген сайын адам басына түсетін қиыншылықтар, мәселелер көбейген шығар. Бұған экологиялық жағдайдың өзгеруі де елеулі әсер етіп жатқаны белгілі. Заман өзгерсе де, табиғат өзгерсе де Алланың адамға берген табиғи қасиеті, адамшылығы өзгермесе екен. Түймедейге ашуланып, өзіңіздің де, өзгенің де көңіл-күйін бұзғаннан гөрі ақылға жеңдірген дұрыс деп ойлаймын. Көптеген ғалымдар ашудың ағзаға зиян екенін зерттеп, дәлелдеп жатыр. Жарты сағат ашулансақ денедегі жарақаттың жазылуын бір күнге кешеуілдетеді екен. Көктем-күз мезгілдерінде адам ағзасы әлсірейді, түрлі дәрумендерді қажет етеді. Сондықтан дәрігерлердің кеңесіне жүгініп, денсаулыққа мән беру де артық етпейді. Қызметте болсын, отбасында болсын әр адамның өз міндеті, шекарасы, таңдауы бар екенін ұмытпайық. Ашудың алдымен кімге зиянды екенін, оның салдарын саралай алсаңыз, бұл жағдайдың алдын ала аласыз. Сыпайылық танытып, алдымен өзінің және қоғам алдындағы жауапкершілігін сезіне алған адам ашуға бой алдырмайтыны сөзсіз.
– Ашу кейде отбасының да шырқын бұзады. Мұндай жағдай сіздің тәжірибеңізде жиі кездесе ме? Олар өзін ашуландыратын факторларды атай ма? Адамның неге көңілі толмайды?
- Қазақта «Бір күн ұрыстың қырық күн кесірі бар» деген мақал бар. Жанжал болғаннан кейін ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасына кері әсерін тигізіп, отбасының шырқы бұзылады. Жалпы, мұндай жағдай менің тәжірибемде көп болмағанымен, кездесіп жатады. Кеңес алуға жүгінетін отбасылық жұптар бар. Олардың сөзіне құлақ асатын болсақ, отбасындағы жанжалдардың себебі - ер адамның өз позициясын алға қоюы, жұбымен санаспауы, пікір алмаспау, үнемі «мен қалағандай болу керек» деген ұстанымды ұстану. Яғни, екі тарап пікірлесіп, өз ойын айтып, өз қалауын жасамағаннан, былайша айтқанда тұлға ретінде өз құндылықтарын сақтай алмағаннан кейін жанжал туындап, өзара түсініспеушілікке әкеліп соғады. Қарап отырсақ, қазіргі кезде адамдар күйбең тірлікпен жүріп, өзіне не қажет екенін дөп білмейді. Құндылықтарын жоғалтып алған. Рухани құндылық материалдық құндылыққа ауысып кеткен. Әр сәттен, әрбір әрекеттен ләззат алу, сезіну деген жоқ. Мұның өзі уақытты бағаламау дегенді білдіреді. Нәтижесінде не жасаса да, қандай жағдайда болса да адамға үнемі бір нәрсе жетіспей, көңілі толмай, көңіл-күйі түсіп жүреді.
- Ерлі-зайыптылар арасында ғана емес, ана мен бала, әке мен бала арасындағы дау-жанжалды да көріп жүрміз. Бұл қазіргі қоғам дерті деп те айтуға болмайтын шығар. Себебі бұрын да мұндай жайтты оқып, естіп, білдік... Қазіргі сипаты қандай?
- Иә, қазірде ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас та күрделі. Бос жүрген адам жоқ, барлығы жұмысбасты. Ата-анаға баласының қарны ашпаса, киімі түгел, бүтін болса болды. Бірақ кешкілік үстел басында отбасы болып жиналғанда жай ғана «күнің қалай өтті» деген сұрақ қойылмайды. Неге? Себебі ортадағы мәмілені телефон ауыстырған. Отбасының, өзінің емес, телефонның арғы жағындағы, әлеуметтік желідегі өзгенің өмірі қызығырақ. Ащы да болса шындық, бесіктен белі, әлі тілі шықпаған 1 жастан аспаған баланың өзіне «тыныш отырса болды» деп телефон қосып береді. Уақыт шектеусіз. Мектептегі бала да солай. Қолы қалт етсе телефонда ойын ойнап отырады. Дұрыс, бала мультфильм қарап, қызықты нәрсе көріп өсуі керек. Бірақ әр нәрсенің ережесі, тәртібі барын ұмытпауымыз керек. Қандай сайттарға, қандай каналдарға кіріп жүр, кімді тыңдап жүр, оны да бақыламаймыз. Егер телефон ұстап отыратын уақытын шектеп немесе тартып алса, бала жер-көкке сыймай ашуланады. Яғни, телефонға тәуелділік пайда болған. Бәріне бірдей топырақ шашпаймын, дегенмен де қазіргі қоғамның сипаты осындай. Жастарға қарап отырсақ әлемі басқа, ойлауы, сөйлеуі бөлек. Мұғалімді, басқаны айтпай-ақ өз ата-анасын тыңдамайтын тілазар балалар бар. Әр отбасының бала тәрбиелеуде өз ережесі бар екені белгілі. Біреудің отбасына араласып, шекарасына өте алмайсың. Бірақ баланы тым еркелетіп, бос ұстау, үнемі баланың сөзін жақтап немесе шектен тыс қамқор болу ата-ананың беделін түсіреді. Ашып айтсам, ата-ана бала алдындағы «идеал тұлға» деген статусын жоғалтады. Ондай балаға «шектеу» жасау қиынға соғады. Содан келіп ата-ана мен бала арасындағы түсініспеушіліктер келіспеушілікке ұласады.
- Ата-ана мен бала арасындағы осындай дау-дамайдың салдары көп. Бала үйінен кетіп қалады немесе өз-өзіне қол жұмсауға дейін барады. Себеп неде?
- Ата-ана мен бала арасындағы келіспеушілік – жиі көріп жүрген көрініс. Оны екі жақты қарауға болады. Біріншісі – баланы тәрбиелеуде қоғамдағы, өмірдегі кездесетін проблемаларға қарсы «иммунитет» қалыптастыра алмай жүрміз. Жоғарыда айтқанымдай, тым еркелеп, бос өскен, үнемі сөзін сөйлеген немесе шектен тыс қамқорлық көрген бала «жоқ» дегенді көтере алмайды. Дегеніне жету үшін барлық тәсілді қолданады. Тіпті сіз айтқандай өз-өзіне қол жұмсаймын деп те қорқытады. Тек қалауы орындалса болды. Екіншісі – баланың қалауымен санасып, жан-дүниесіне үңілмейміз. Көбіне ата-ана өзінің қалауын, міндетін балаға артып, тым көп талап қойып жатады. Ол нәрсе баланың қолынан келе ме, келмей ме ойламайды. Тіпті жоғары оқу орнына түсетін кезде де мамандықты өздері таңдап береді. Осыдан кейін балада қарсылық пайда болады. Оның мойнына еркінен тыс көп жауапкершілік артып, «бала кездегі жан жарасына» себепкер боламыз. Маған «балам екеуміз келісе алмаймыз» деп кеңеске жүгінетін отбасылар бар. Тыңдап отырсам, ата-ана бұрын өзі алған тәрбиемен салыстыра отырып, өзі көрген-білгенін баласына беруге тырысып жатыр. «Біз осылай өскенбіз, біз өйткенбіз-сөйткенбіз» деп өткенге орала береді. Бірақ қазір дамыған заман, ол кездегідей балалар асыр салып көшеде жасырынбақ, ақсүйек, асық немесе қуыршақ ойнамайды. Отбасының жағдайы жетсе, сабақтан тыс қосымша оқу орталықтарына, үйірмелерге қатысады. Білімін толықтырып, өнерін шыңдайды. Ескеретін бір ғана нәрсе – өзіңді тәрбиелеу, дамыту, заман талабына ілесе алу. Әдет-ғұрып, салт-дәстүрдің озығы да, тозығы да бар. Өткен заманда тұрып қалуға болмайды. Бала ұядан көргенін жасайды. Қалай алып қарасақ та ол ата-анасына қарап, еліктеп, соны көшіріп өседі. Сондықтан бір уақыт жастардың айтқанына, іс-әрекетіне құлақ асып, олармен ашық сөйлесіп, ортада сенім орната алуымыз қажет.
- Қандай адамдар сөз көтермейді?
– Менің ойымша эгосы жоғары, тәкаппар адамдар және өзін-өзі бағалауы төмен адамдар сөз көтере алмайды. Себебі олар айтылған сөздің барлығын тікелей өзіне қабылдайды. Адамдар арасын ашатын, араздыққа себепкер болатын жаман қылықтардың бірі – орынсыз сын айту, яғни, өзгенің сөзі, пікірі, іс-әрекетінен мін іздеу, қатесін әшкерелеу, бетіне басып масқаралау секілді әрекеттер. Біреуге ақыл айту ең оңай жұмыс. Біреуге ақыл айтамын деп сынап-мінеп, ақырында, тұлғаның жеке басына тіл тигізуге дейін баратындар аз емес. Адамға сын айтқанда, ол ренжімейтіндей, көңіліне алмайтындай етіп, тігісін жатқыза сөйлеп үйренген жөн. Қандай ақыл айтылса да, қандай сын болса да, көңіліне алмайтын адамдар бар. Керісінше, өз атына айтылған сынға шыдай алмай, сыншы адамның өзін сынап, бетінен алып, жағасына жармасатындар да кездеседі. Сол себепті сынайтын адамыңыз оны қалай қабылдайтынын анықтап, жағымсыз көзқарас қалыптаспайтын жағдайда ғана орынды сын айтуға болады. Сынағалы отырған адамыңыз өте жақсы араласатын, шын жаныңыз ашитын адам болғаны дұрыс. Әйтпесе, мейірімсіздікке толы қоғамда ешкім ешкімнің артық сөзін көтермейді.
- Адам жанын жаралағанда оны емдеп, жазу үшін қанша уақыт кетеді?
- Негізі «уақыт емші» деп жұбатады ғой адамдар. Бірақ мен бұл сөзбен кішкене келіспеймін. Адам жанына салынған жара жазылмайды, оны адам жай ғана қабылдауды үйренеді. Бірақ ешқашан ұмытпайды. Көмекке жүгінген адамдарды өзінің бастан өткеріп жатқан түрлі психологиялық қиындықтарын қабылдауға, кешіруге және өңдеп, сонымен әрі қарай өмір сүруге көмектесеміз.
- Әңгімеңізге рахмет.