Адам жүрегі ғарышта жылдам қартаяды

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ-та бір топ ғалымдар жүргізген зерттеу адамның жүрегі ғарышта бар болғаны бір айдан кейін қартаю белгілерін көрсете бастағанын мәлімдеді, деп жазады Анадолы.

Ғарыш
Фото: Анадолы

Эксперимент жүргізу үшін американдық ғалымдар шынайы жүректің жиырылуына ұқсас жасанды жүрек тінін жасап, оны арнайы «жүрек-чип» жүйесіне орналастырды. Бұл жүйе нөлдік гравитация жағдайындағы өзгерістерді бақылау үшін Халықаралық ғарыш станциясына (ХҒС) 30 күнге жіберілді.

Зерттеушілер нақты уақыт режимінде бақылау үшін сенсорлардан пайдаланды. Салыстыру үшін, Жерде де дәл сондай зерттеулер жүргізілген. Оның барысында ғалымдар ХҒС-та 12 күннен кейін жүрек тінінің жиырылу күші екі есеге дерлік төмендегенін, ал Жерде ұқсас тіндердің тұрақты болғанын анықтады. Бұлшықет әлсіздігі Жерге оралғаннан кейін 9 күн бойы сақталды.

Осылайша, ғарышта бар болғаны бір ай ішінде адамдардың жүрек тіндері әлсіреп, жүрек соғу ырғағы бұзылып, қартаю белгілеріне ұқсайтын молекулярлық және генетикалық өзгерістер пайда болатыны анықталды.

Зерттеу «The Proceedings of the National Academy of Sciences» журналында жарияланған.

Соңғы жаңалықтар