Адамдар азық-түлік пен киім-кешек сұрап келеді – Отбасын қолдау орталығы

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Әкімнің КРІ көрсеткішіне жауапты сала – жұмыспен қамту, әлеуметтік көмек қызметі. Мұнда көпбалалы, ерекше бала тәрбиелеп отырған аналар келіп, құқықтық, психологиялық қолдауға ие бола алады. Соның ішінде қайырымдылыққа мұқтаж отбасылар да бар. Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі Отбасын қолдау орталығының директоры Жақсылық Таңатаров кімдерге қандай көмек берілетінін айтып берді. 

Адамдар азық-түлік пен киім-кешек сұрап келеді – Отбасын қолдау орталығы
Фото: Отбасын қолдау орталығы

– Отбасын қолдау орталығына кімдер келеді және оларға қандай көмек ұсынасыз?

– Мұнда өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасы мүшелері келіп, көмек алады. Бізде сараптау және заңгерлік көмек бөлімі жұмыс істейді. Яғни құқықтық және психологиялық көмек көрсетіледі. Соның ішінде әлеуметтік көмек ала алмай жүрген адамдардың құжаттарын рәсімдеуге жәрдемдесеміз. Бір жарым жыл ішінде орталыққа 11 500 отбасы тіркелді. Былтырдан бастап FSM Social бағдарламасы енгізіліп, жұмыс бір жүйеге түсті. Мұнда мобильді топтың жұмысы енгізілген. Топқа полиция қызметкері, денсаулық, білім саласы мен пробация қызметі қосылған. Соның ішінде патронажды мейірбикенің рөлі маңызды. Жас босанған ана мен баланың күтіміне жауапты мейірбике үйге баруға міндетті. Егер сол кезде тұрып жатқан үйі нашар, әлеуметтік жағдайы төмен болса бірден хабар береді. Балалары мектепке бармай жүрсе де алдымен сол мейірбикелер анықтай алады. Одан әрі білім бөлімі жұмыс істейді. Бір отбасындағы проблема осылайша жан-жақты шешілген соң толық көмек көрсетілгенін айтып, сұрақ жабылады. Орындалған кейс деп атаймыз мұны.

– Бір отбасының бүтін бір проблемасын шешуге қанша уақыт керек?

– Нақты уақытты айта алмаймыз. Бәрі де сұраққа байланысты. Мәселен бір отбасында күйеуінің банктегі есепшоттары бұғатталып қалған. Сондықтан жұмысқа орналаса алмай жүр. Несиені өтемесе, айыппұлды төлемесе жұмыс ұзаққа созылады. Ер адам еңбекке араласып, тұрақты табысы болатынын растаса анықтама алып, заңгерлер сот орындаушыларымен арада келісім жүргізеді. Есепшотты ашып, жағдайды тұрақтау үшін 2-3 апта уақыт керек. Сонымен бірге мұнда психологиялық көмек те беріледі. Бір адамға бір рет емес, бірнеше апта уақыт бөледі мамандар. Қала тұрғындары орталық туралы білмейді, білсе де келуге ұялады. «Ұят болады, танысым көріп қалса, біліп қалса» деп қысылады. Ешқайда бармайды, ешкімнен жәрдем күтпей жүре береді. Әйелдер зорлық-зомбылыққа шыдайды. Мобильді топ құрамындағы учаскелік полиция қазір оларды бағыттап отыр. Ал жазасын өтеп шыққандарды пробациялық бақылау қызметімен бірге қадағалауда ұстаймыз. Қалалық Мансап орталығы бос жұмыс орындарын ұсынады.

– Адамдар көбіне қандай көмек сұрап келеді?

– Құқықтық, психологиялық және қайырымдылық көмек, соның ішінде азық-түлік, киім-кешек сұрайды. Орталық азық-түлік таратпайды. Себебі оған қаржы қарастырылмаған. Азық-түлік сұраған отбасына мамандар міндетті түрде барады, акт толтырады. Ерлі-зайыпты жұмыс таба алмай отырса, бос орындар ұсынамыз. Алғашқыда демеушілердің көмегімен азық-түлік жеткізуге тырысамыз. Көмек беретіндер арасында кәсіпкерлер де, қарапайым адамдар да бар. «Балық берме, қармақ бер» деген ұстаныммен ересек адамды еңбекке араластырған жөн деп білеміз. Жұмыс істеуге ниеті жоқ, ішімдікке әуес адамдар кейде түзелмейді, өз өмірін жалғастыра береді. Ал киім-кешекті адамдар әкеліп береді. Киген киімді қабылдағанмен, кейбірі оны алмайды. Жаңасы ғана қажет. Бір жарым жылда 11 500 адам дегенімізбен олардың саны одан да көп болуы мүмкін. Тіркелмей жүргені қанша?! Қалада қартайған шағында жалғыз қалғандар да бар. Оларға еріктілер де көмектеседі. Көбін қарайтын адам болмаған соң арнайы мекемеге орналастырамыз.

– Зорлық-зомбылыққа тап болған аналар өз аяғымен келіп көмек сұрай ма әлде полиция анықтай ма?

– Полицияға хабарлама түскенде тіркеледі. Бір оқиға болды. Ерлі-зайыпты арасында тұрмыстық жанжал туындаған. Күйеуі әйеліне «таңертең ерте тұрып, анама шай құйып бермедің» деп айтады. Әйелі «мен де адаммын, шаршадым» деген. Жанында кішкентай қызы бар. Ауырып тұрған соң емханаға барады. Сол жерде өзара сөзге келіп, күйеуі әйелін қылғындырады. Полиция шақырған соң мобильді топ барды. Әйелді орталыққа әкеліп, психолог көмек берді. Аналар кеңесі, Әкелер кеңесінің мүшелері келді, кездесті. Отбасы қазір татуласты, бірге тұрып жатыр.

– Бір жарым жыл ішінде нақты қанша отбасына көмек көрсетілді?

– 11 500 отбасының ішінде 1 785-і сигнал болып түсті. Демек шұғыл шақырту. Барлығы 1620 жұмыс жоспары құрылды. Сонымен бірге 82 адам көмектен бас тартты. 598 адам құқықтық көмек алса, 811 адам психологиялық қолдауға ие болды. Демеушілер есебінен 754 отбасына көмек берілді. Көбіне азық-түлік жеткізілді. Жалпы тіркелген отбасының бәрін бір жыл бойы сүйемелдейміз, яғни, жыл ішінде заң аясында көмек көрсетіледі. Орталықта грант алу, шағын бизнес ашу үшін тігін, мобилография курсы мен шеберлік сабағы да өтеді. Барлығы 25 адамға грант алды. Көпбалалы, ерекше бала тәрбиелеп отырған аналарға басымдық беріледі. Биыл бірінші лекте болған 3 ана кәсібін бастады. Оқу 1 айға созылады. Оқып, кәсібін ашқан аналар да өздерінің замандастарына бар білгенін үйретеді.

– Психологиялық көмек алатын адам көп екен...

– Үйде отырған аналар психологиялық көмекке мұқтаж. Ерекше бала тәрбиелеп отырған ана, көпбалалы ана, жолдасынан психологиялық қысым көрген әйел келеді. Жолдасы ішімдікке салынса да, діни наным-сеніммен әйелінің бетін бүркемелесе де психологиялық қысым болып саналады. Мамандардың арқасында бетін тұмшалап жүрген әйел «өз-өзіме қол жұмсаймын» деген ойынан айныды. Ол психологқа алғысын айтып, «өмірге көзқарасымды өзгерттім» деді. Біздің жетістігіміз осы. Орталыққа келетін адамның көбі – әйел. Ер адамдар келмейді, іште сақтайды бәрін. Дегенмен 2-3 ер адам келді. Өмірде адасқан, бағытын жоғалтқан. Бірі – лудоман. Бізде психолог бар, ал оларға психиатр маман керек.

– Көңілі толмай, шағым айтып жүретін аналар бар ма? 

– Әрине, болады. Сын түзелмей, мін түзелмейтіні рас. Біз тек заң шеңберінде ғана жұмыс істеп, көмек бара аламыз. Кейде олар біздің қолымыздан келмейтін істі сұрайды. Жақында ауданнан көпбалалы ана келді. Төрт баласы «Аяла» орталығында жатыр, ал анасы жеңіл жүріске салынып кеткен. Жұмысқа орналастырдық, бармай қалады. Бірақ «балаларымды алып кетемін» деп айтады. Ол түзелмесе, балаларын бере алмаймыз.

– Сіздің жұмыс әкімнің KPI көрсеткішіне әсер ете ме?

– Міндетті түрде. Ақтөбе қаласы, облыстың көрсеткішіне әсерін тигізеді. Орталықта барлығы 56 адам еңбек етеді. Оның төртеуі психолог, үшеуі заңгер. Психолог кейде логопед маман ретінде көмек көрсетеді.

Айта кетейік, еліміз бойынша 152 Отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді. Олар қиын өмірлік жағдайға тап болған азаматтарға жан-жақты көмек көрсетуде маңызды рөл атқарады. 2026 жылдың басынан бері орталықтарға 10 мыңға жуық өтініш түсіп, 5 мыңнан астам отбасы кеңес алды, тағы осынша отбасыға тұрақты түрде қолдау беріліп отыр.