Адамдар көп шоғырланатын жерлерде жылжымалы егу пункттері ашылады - ДСМ
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Адамдар көп шоғырланатын жерлерде жылжымалы егу пункттері ашылады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Өндірушілермен жүргізіліп жатқан келіссөздерді ескере отырып, Қазақстанға бірінші жартыжылдықта вакцинаның 6 млн-нан астам дозасын жеткізу жоспарланған. Бұл вакцинациялауға жататын контингенттің 64 пайызын қамтуға мүмкіндік береді. Аталған көлем КВИ-ге қарсы вакцинациялауға жататын контингентті барынша кеңейтуге және тегін екпе алуға ниет білдірген тұлғаларға қолжетімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деді министр.
Оның атап өтуінше, ұжымдарда және адамдар көп жиналатын орындарда вакцинациялау жүргізуге жылжымалы егу пунктері жұмылдырылады.
«Осыған орай облыстардың, Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларының әкімдері халықты КВИ-ге қарсы вакцинациялаумен қамтуды арттыру үшін адамдар көп жиналатын жерлерде уақытта егу пунктттерін/бригадаларды ұйымдастыруы; көшпелі егу бригаларын екпе жүргізу үшін термоконтейнерлермен және вакцина сақтауға арналған тоңазытқыш жабдықтардың жеткілікті санымен қамтамасыз етуі қажет», - деді Алексей Цой.