Адамдар өз денсаулығына салғырт қарайды — онколог

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда қатерлі ісікке шалдыққан адамдардың басым бөлігі дерті II немесе III-сатыға өтіп, әбден асқынған кезде ғана біледі. Ал дәрігерлер азаматтардың өз денсаулығына салғырт қарап, уақытында тексерілмейтінін алға тартып отыр.

онкология, қатерлі ісік
Фото: freepik.com

— Симптомдардың пайда болуы — қатерлі ісіктің асқынып, басқа сатыға көшкенінің белгісі. Себебі қатерлі ісік алғашқы кезеңде ешқандай белгі байқатпайды. Сондықтан ерте диагностика — өмірді сақтап қалудың басты шарты. Елімізде бұл үшін жағдай жасалған, дегенмен әрбір азамат денсаулығы өз жауапкершілігіне байланысты екенін ұмытпауы керек, — дейді Ұлттық ғылыми онкология орталығына қарасты консультативті диагностикалық орталық меңгерушісі Индира Құсайынова.

онколог Индира Құсайынова
Фото: Индира Құсайынованың жеке мұрағатынан

Қазақстанда халықтың белгілі бір бөлігін жыл сайын тегін скринингтен өткізу мүмкіндігі қарастырылған. 40 жастан асқан адамдарға жылына кемінде бір рет медициналық тексеруден өту ұсынылады. Әйелдер үшін жатыр мойны обырына (25 жастан бастап), сүт безі обырына (40 жастан бастап) скринингтер өткізіледі. Ер адамдар үшін қуық асты безі обырына тексерілуге мүмкіндік бар. Сонымен қатар 50 жастан асқан азаматтарға тоқ ішек обырына скрининг жасалады.

Бұған дейін Қазақстанда қатерлі ісіктің не себепті көбейіп жатқаны туралы талдау жазған едік.

Соңғы жаңалықтар