Адамдар өзінің сүйікті ісімен айналасуы үшін Астанада барлық жағдайлар жасалған - Тывалық биші
АСТАНА. ҚазАқпарат - Адамдар өзінің сүйікті ісімен айналасуы үшін Астанада барлық жағдайлар жасалған. Бұл туралы ҚазАқпарат агенттігінің тілшісіне берген сұхбатында «Астана-Опера» опера және балет театрының балет әртісі Айдыс Саая айтты. Ол бүгінде елордаға Тыва Республикасынан келіп, жұмыс істеп жатыр.
«Мен осымен екінші жыл Астанада жұмыс істеп жатырмын. Өткен жылы конкурсқа қатысуға келіп, одан сәтті өтіп кеттім. Осыдан кейін бұл тамаша театрда жұмысымды бастадым. Атап айтқанда, маған осында өте қатты ұнады және келісімшартты екінші жылға ұзарттым. Бұрындары осындай керемет қала мен әдемі үлкен театр бар екенін білмеппін. Алғаш келген кезде мен өзімді Еуропаға сапарлағандай сезіндім. Қала өте әсем, қазіргі заманғы нақышта салынған. Әсіресе, біздің театрмен таңдануға болады. Бұл жерде адамдар өзінің сүйікті ісімен айналысуы үшін барлық жағдайлар жасалған», - дейді Айдыс Саая.
Оның сөзіне қарағанда, Астанада оған жергілікті тұрғындардың қонақжайлылығы қатты ұнаған.
«Мені осында жылы қабылдады. Ең жақсысы - қаладағы адамдар өздерін дамытуға ерекше мән береді және оны күнделікті барлық жерден байқауға болады. Барша Қазақстанның гүлдене беруін тілеймін, сондай-ақ осы елдегі тыныштық пен бейбітшілік әрқашан да баянды болсын!», - деп түйді А. Саая.