Адамдар тіс емдеткеннен гөрі әдемі болғанды жөн санайды – стоматолог

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Тіс – адамның көркі. Алайда соңғы кезде тіс жегісімен ауыратындар қатары көбейген. Осыған орай Петропавлдағы стоматологиялық орталықтардың бірінің стоматолог-ортопеді Светлана Құрмашеваны ҚазАқпарат тілшісі әңгімеге тартқан еді.
None
None

- Светлана Қанатқызы, алдымен өзіңізді оқырмандарымызға таныстырып кетсеңіз.

- Петропавлда туып-өстім, мектеп бітіргеннен кейін таңдауым медицина саласына түсті. Бұл мамандыққа ден қоюыма әпкем себепші болды. Ол да стоматолог болып еңбек етеді. Сондықтан мен де дәрігер боламын деп шештім. «Астана» медициналық университетінде «стоматология» факультетінде білім алдым. 6 жыл оқыдым. Еңбек өтілім – 11 жыл.

- Сізге клиенттер қандай мәселелермен жиі қаралады?

- Қазіргі уақытта тісі бүлінген адамдар көбейген. Сондай-ақ, сырқаттар «жасарған», яғни тіс жегісінің асқынған түрі - «пульпит», «перодонтит» диагнозымен тісі ауырып келетіндердің арасында жастар көп. Тістері түскен жастар да көп қаралады. Көбіне науқастар тіс ауруын асқындырып келеді, тіс жүйкесі қабынып, жанын қоярға жер таппағасын қаралады. Тіс ауруының алдын алу үшін тексерілуге келетіндер сирек.

- Тісті дер кезінде емдетпеудің бір себебі – ауыртады деп қорқамыз. Қазір осылайша алаңдауға негіз бар ма?

- Ия, адамдардың көпшілігі стоматологке қаралуға қорқады, соның ішінде егде жастағы адамдарда қорқыныш басым. Өйткені Кеңес заманында тісті ауыртып емдейтін, қазір бұл сала дамыған, заманауи препараттарды қолдану нәтижесінде ауырғаны сезілмейді. Сондай-ақ креслоға отырған әр науқаспен тіл табысу қажет, оның қорқынышын сейілтіп, өзін бос ұстауға көмектесу керек. Сонда ғана жұмыс сапалы атқарылады. Кешегі мен бүгінгі стоматологияны қазір салыстырып болмайды. Бұрын жақтарының тісі түссе, ол сырқатқа үлкен ауыртпалық тудырып, алмалы-салмалы және ыңғайсыз протез киюге мәжбүр болатын. Онымен тамақты дұрыс шайнай алмайсың, тағамның кей түрінен бас тартуға тура келеді. Ал бұл денсаулыққа тікелей әсер етеді. Қазір жағдай өзгерген. Тіс жұлу өткен заман әдісі. Тіс жиегі асқынбаған жағдайда оны барынша сақтап қалуға тырысамыз. Протездеу жетілдірілді, бұдан басқа импланттар қойылады. Елімізде де тіс имплантациясы жақсы дамыған.

- Ауызда тістің болмауының салдары қандай?

- Ауызда тістің болмауы әрине ағзаға, жалпы денсаулыққа әсер етеді. Ас қорыту – ауыздан басталады. Сол сияқты асқазанға, келбетке, түрге әсер етеді. Мысалы, тіс - ауызда жоқ жағына қарай қисайып кетуі мүмкін. Немесе төмен түсіп, жоғары көтеріліп кетеді. Бұл кейін тіс салған кезде кедергі келтіреді. Кейде жұлып тастауға мәжбүр болып жатамыз.

- «Тәтті көп жеме, тісіңді бүлдіресің» деп ересектер балаларға жиі айтып жатады. Тістің бүлінуіне шынымен де тәтті әсер етеді ме?

- Тістің бүлінуіне басты себеп – тәтті емес, гигиена. Ауыз қуысын таза ұстау. Бұл жерде тісті бірнеше рет жуу маңызды емес, ең бастысы сапалы тазалау. Әрине, жеген тамақ та әсер етеді, соның ішінде көмірсуды жиі тұтыну. Жастардың арасында тіс ауруының жиі таралуына осы себеп. Фаст-фуд олардың сүйікті тағамына айналған. Сондай-ақ тіс өз қызметін қазір толық атқармайды. Ішіп-жейтін тамағымыз бәрі жұмсақ, бұл да әсер етеді.

- Өңір тұрғындары өз тістеріне күтім жасап, емдетуге бейім бе ?

- Облыс тұрғындарының тісті емдетуге құлшынысы жоғары деп айта алмаймын. Тіс сау болуы үшін, стоматолог-дәрігерге жарты жылда бір рет көрініп тұру қажет. Ауырмаса да, өйткені тіс біртіндеп бұзылады. Бастапқы кезде тісті емдеу оңай, әрі арзан. Ал ауыратын болса – ол асқынғаны. Өкінішке орай бізде тісін емдеткеннен гөрі әдемілікті, мәселен тырнақ-кірпік өсіруді, тағы басқа косметикалық шараларды бірінші орынға қояды.

- Сіздің тәжірибеңізде болған, есіңізде қалған қызықты жайттар бар ма?

- Университетті бітірген кезім, біздің стоматологияға тісін емдетуге бір адам келді. Оның тіс ауруын сезбейтін ерекше қасиеті бар екен. Біз ер адамның тістерін анестезиясыз емдедік. Клиентіміз бір рет те ауырсынған жоқ. Таң қалдық, одан кейін практикамда мұндай жағдай қайталанған емес. Сондай-ақ бірде қабылдауға 70-тер шамасындағы әйел келді. Ол шешілетін протез тағады екен, оны жаңасына ауыстырмақ болды. Әйел протезіне бірдеңенің батып, ауыртатынын айтты. Біз рентгенге түсіріп қарасақ, баяғыда түсіп қалған тістің орнына жаңасы өсе бастапты.

- Оқырмандарымызға тістері ұзақ уақыт сау болуы үшін қандай кеңес берер едіңіз?

- Ең алдымен дұрыс тамақтануға, пайдалы тағамдарды тұтынуға кеңес беремін. Көпшілік бұл туралы білгенімен, күнделікті қолданбайды. Тәттілерді, әсіресе, жатар алдында азайтып, оның орнына сүтті, сыр мен ірімшікті, түрлі еттер мен балықты тұтынған жөн. Бұл жалпы денсаулыққа әсер етеді. Ауыз қуысының гигиенасын сақтап, тісті сапалы тазалау қажет. Қазіргі уақытта ол үшін тіс щеткасынан басқа да құралдар жеткілікті. Ысқыштар, ирригаторлар, пасталардың көптеген түрі бар. Жарты жылда бір рет стоматологқа барып, тісті тексертіп отырған дұрыс. Мұның бәрін орындаған жағдайда әдемі тістеріңіз көпке дейін сақталады.

- Әңгімеңізге рахмет!


Соңғы жаңалықтар