18:20, 22 Сәуір 2014 | GMT +5
Адамдар вакцинацияның маңызын ұмыта бастады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін «Астана медицина университеті» АҚ және Астана қалалық Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет орталығы бірлесіп «Хан шатыр» ойын-сауық орталығында «Иммунизация - өмір үшін» атты флеш-моб өткізді. Шараның мақсаты - халыққа вакцина егудің пайдасын насихаттау. Оған Астана медицина университетінің 60-қа жуық студенті қатысты.
«Бұл шара Еуропалық иммунизация апталығы аясында ұйымдастырылып отыр. Осыған ұқсас шаралар Еуропа елдерінде жыл сайын өтіп тұрады. Өйткені қазіргі кезде екпе мен вакцина жасаудан адамдардың көбі үзілді-кесілді бас тартуда. Себебі ұзақ уақыт бойы үздіксіз жүргізілген вакцинация жұмыстары жұқпалы ауруларды болдырмай, адамдар олар туралы, олардың адамзат баласына төндіретін қаупі туралы ұмыта бастады. Сондықтан біз бүгінгі шара арқылы еліміздің тұрғындарын екпе мен вацинаның қаншалықты маңызды екендігіне тағы да бір назар аударуды көздедік», - дейді «Вацинация» АҚ өкілі Салтанат Әубәкірова.