230 млн теңгені алдап алған күдікті Қырғызстаннан экстрадицияланды
АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстан Бас прокуратурасы Қазақстан азаматшасын аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тарту мақсатында Қырғыз Республикасынан экстрадициялады.

Бас прокуратураАталған тұлға 2023 жылдың маусымында адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша Алматы қаласындағы банктердің біріне клиенттердің атынан олардың банктік шоттарына тіркелген абоненттік нөмірлерін өзгерту туралы хабарламалар жіберіп, осылайша банк шоттарына қол жеткізген.
Осыдан кейін күдікті қашықтан қол жеткізу арқылы 5 жәбірленушінің шотынан «дропперлердің» банктік шоттарына ақша аударып, олардың қаражатын иемденген.
Оның қылмыстық әрекеттерінің салдарынан жәбірленушілерге 230 миллион теңгеден астам шығын келтірілген. Осы жылдың қаңтарында ол Бішкек әуежайында ұсталып, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрауы бойынша Отанына экстрадицияланды. Қазір күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Айыпталған қылмысты жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Бұған дейін алаяқ БҚО тұрғындарын 200 млн теңгеге отырғызып кеткенін жазған болатынбыз.