Адамдардың бойы бір ғасырда 10 сантиметрге өсті

АСТАНА. KAZINFORM — Кейінгіт 100 жылда әлем халқының орташа бойы шамамен 10 сантиметрге өскен. Бұған тамақтану сапасының жақсаруы, медицинаның дамуы, вакцинацияның кеңеюі және өмір сүру деңгейінің артуы әсер еткен, деп хабарлайды Kazinform агенттігі BBC-ге сілтеме жасап.

Адамдардың бойы бір ғасырда 10 сантиметрге өсті
Фото: Спортс

Our World in Data зерттеу платформасының деректеріне сәйкес, 1996 жылы туған адамдардың орташа бойы 1896 жылы туғандармен салыстырғанда едәуір ұзын. Бұл айырмашылық әсіресе Оңтүстік Корея әйелдері мен Иран ерлерінен байқалады. Соңғы 100 жылда оңтүстіккореялық әйелдердің орташа бойы 20 сантиметрге, ал ирандық ерлердікі 17 сантиметрге өскен.

Ғалымдар мұны тамақтану сапасының жақсаруы, аурудың азаюы, вакцинацияның кең таралуы және басқа да факторлармен түсіндіреді.

Алайда адамзат тарихында адамдардың бойы үнемі өсе бермеген. Ғалымдардың пікірінше, шамамен 12 мың жыл бұрын аңшылық пен терімшіліктен егіншілікке көшу орташа бойдың қысқаруына әкелген. Азық-түлікпен қамтамасыз ету тұрақталғанымен, тамақтану рационының алуан түрлілігі азайған. Сонымен қатар адамдар мен жануарлардың жақын жерде тіршілік етуіне байланысты жұқпалы аурулар кең таралған.

Кейінгі ғасырларда да адамдардың орташа бойы өзгеріп отырған. Мәселен, «Қара өлім» аталған оба індетінен кейін Англия халқының орташа бойы өскен болуы мүмкін. Қаңқа қалдықтарын зерттеу нәтижелеріне сәйкес, XIV ғасырдың басында адамдардың орташа бойы шамамен 170 сантиметр болса, XV ғасырдың басында 174 сантиметрге жеткен. Ғалымдардың пікірінше, індеттен кейін халық санының азаюы жалақының өсуіне және тұрмыс жағдайының жақсаруына ықпал еткен.

Адам бойының өзгеруіне әсер еткен тағы бір маңызды кезең — XVIII ғасырдағы өнеркәсіптік революция. Индустрияландырудың алғашқы жылдарында санитарлық талаптардың сақталмауы, тар тұрғын үйлер мен ауыр еңбек халық денсаулығына кері әсер етті. Кейін медицина дамып, тамақтану сапасы мен тұрғын үй жағдайы жақсарған сайын адамдардың орташа бойы да өсті. Әсіресе Оңтүстік Кореяда айтарлықтай өзгеріс байқалды: XX ғасырда әйелдердің орташа бойы 20 сантиметрге, ал ерлердікі 15 сантиметрге өскен.

Сонымен қатар зерттеушілер дамыған елдерде адамдардың бойы өсу шегіне жетуі мүмкін деп болжайды. Our World in Data мәліметінше, 1996 жылы туған ерлердің орташа бойы 171 сантиметрді, ал әйелдердікі 159 сантиметрді құраған. Ғалымдар дамыған елдерде табыс деңгейі, еңбек өнімділігі және тауарлар мен қызметтер өндірісі артқанымен, бұл көрсеткіштер халықтың орташа бойының өсуіне енді айтарлықтай ықпал етпейтінін атап өтеді.

Мұның нақты себептері әзірге белгісіз. Кейбір зерттеушілер дамыған елдердегі адамдардың бойы генетикалық тұрғыдан белгіленген шегіне жеткен деп санайды. Ал енді біреулері мұны фастфуд тұтынудың артуы мен қимыл-қозғалысы аз өмір салтының кең таралуымен байланыстырады.

Бұған дейін ғалымдар ұзын бойлы адамдарда жиі кездесетін ауруларды анықтағанын хабарлаған едік.