Адамдарды бір көргеннен ажырататын психологке айналасың – елорда әуежайының қызметкері
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Астаналық Әсел Рәмештің айтуынша, әуежайдың тексеру қызметінде жұмыс істеу оңай емес. Себебі тексеру қызметінің инспекторлары жолаушылардың әуе бортындағы қауіпсіздігіне жауап береді. Олар жұмысқа ерте барып, кеш қайтады. 8 наурыз халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында ҚазАқпарат тілшісі Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының тексеру бөлімінің қызметкері Әсел Рәмешпен әңгімелесіп, жұмысымен танысқан еді.
Әсел Рәмеш елорда әуежайының тексеру қызметінде 2,5 жыл жұмыс істеп келеді. Ол бос жұмыс орны туралы құрбысынан естіп, бірден түйіндемесін жіберген. Айтуынша, әуежайға жұмысқа тұру оңайға соқпаған.
Тексеру бөліміндегі инспектор міндетіне кіріспес бұрын, әуежайдың жанындағы арнайы оқу орталығынан 1 айлық курстан өтіп, білімін жетілдірген. Болашақ инспекторлар 1 айдың ішінде жолаушылар ұшаққа алып мінуге болмайтын заттарды анықтап, табуды теория және практика жүзінде үйренеді. Мысалы, олар тексеруден өткен кезде экраннан сөмкедегі қаруды, тыйым салынған затты немесе сұйықтықты бірден анықтайды.
«Жолаушылар әртүрлі болады. Бәрі бірдей сөмкесінде не барын көрсеткісі келмейді, тәртіпке бағынғысы келмейтіндер бар. Біз оларға тексеру ол қауіпсіздік мақсатында жүретінін түсіндіруге тырысамыз. Әуе бортындағы жолаушылардың қауіпсіздігіне тікелей біз жауап береміз, сондықтан да жолаушылар мен олардың жүгін тексеру міндетіміз. Яғни әуе рейсінің қауіпсіздігі біздің өз міндетімізді қалай атқаратынымызға байланысты», - деді Әсел Рәмеш.

Сондай-ақ, тексеру бөлімінің инспекторы жолаушылардың әуе бортында алып жүруге тыйым салынған заттарды тағы бір еске салды.
«Өзіңізбен бірге 100 мл-нан артық сұйықтық алып жүруге болмайды. Сұйықтықтың құрамында спирт 70 пайыздан артық болса, оған да тыйым салынған. Сонымен қатар жарылғыш және радиоактивті заттарға және тез жанатын заттарға рұқсат жоқ. Сол сияқты қатты, инвекцялық және биологиялық заттарды алып жүруге болмайды. Одан бөлек, әуе бортында қару-жарақ, оқ-дәрі және жұмысқа арналған құрал-саймандарға жол берілмейді», - дейді ол.
Айта кетсек, елімізде қаңтар айында жаппай тәртіпсіздіктер болған кезде елорда әуежайы штаттық режимде жұмыс істеп тұрды.

«Жаппай тәртіпсіздіктер кезінде бұзақылар Алматы әуежайын қиратқан кезде, мен осында жұмыста болдым. Сол күндері күшейтілген режимде жұмыс істедік. Бізге полицейлер мен шекара қызметі мамандары көмектесті. Сондықтан да жұмысқа шығуға қорыққан емеспін. Ереуіл кезінде жолаушылардың қауіпсіздігі алдыңғы қатар тұрды. Әр жолаушыны қатаң тексердік. Жалпы маған адамдармен жұмыс істеген ұнайды. Күн сайын әртүрлі адаммен кездесіп, жаңа ақпарат біліп жатасың. Қандай жағдайға қарамастан біз жолаушыларға жылы жауап беріп, күлімсіреп тұрамыз. Уақыт өте келе, адамдарды бір көргеннен ажырата білетін психологқа айналасың. Жолаушыларды тани түсіп, олармен ортақ тіл табысып кетеміз», - дейді әуежай қызметкері.
Оның айтуынша, әуежайдың тексеру бөлімі инспекторларына қойылатын тағы бір талап тілді меңгеруі. Талап бойынша олар жоғары білімді және 3 тілді (қазақ, орыс, ағылшын) білуі тиіс.
«Ес білгелі авиация саласында жұмыс істеуді армандадым. Жолаушыларды қалай отырғызады, тексеруден қалай өткізеді, ұшу кезінде не болады осының бәрі мен қызықтұғын. Араға бірнеше жыл салып менің арманым орындалды. Бүгінде авиация саласында еңбек етіп жатырмын. Менімше, арманға қол жеткізу үшін оған сену керек және сол жолда тер төгу қажет», - дейді Ә.Рәмеш.
