«Адамдарды солтүстiкке көшiрудiң басты әдiсi - материалдық ынталандыру» - баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 21 қазан, сейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
***
«Еліміздегі мұнай қорының болжамы - 20-25 млрд. тонна. Жалпы газ қоры - 6 трлн. текше метр. Нақты дерек көздеріне қарағанда, Қазақстан мұнай қоры бойынша дүниежүзінде он екінші орын алады. Бірақ, осыған қарамастан, қазіргі таңда біздің еліміз жанармай тапшылығын бастан кешіп отыр. Мамандар мұның себебін Кеңес дәуірінде салынған үш зауыттың жоғары санатты жанармай шығаруға дәрменсіздігінен дейді. Энергетика министрінің орынбасары Ұзақбай Қарабалиннің айтуынша, Атырау, Шымкент, Павлодар қалаларындағы мұнай өңдеу зауыттарының қуаттары мен техникалық мүмкіндіктері елімізді жоғары октанды бензинмен қамтамасыз етуге мүмкіндік бермейді. Бүгінгі күнге дейін қазақстандық МӨЗ-дер ішкі нарық сұранысын тек 70% ғана қанағаттандыра алған. Ал қазіргі таңда қазақстандық мұнай өңдеу зауыттарында жаңғырту жұмыстары жүргізілуде»,-деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Бұл жұмыстар 2016 жылы аяқталады деп күтіліп отыр. Нәтижесінде, 2017-2022 жылдары Қазақстан толығымен Еуро-4, Еуро-5 стандарттарындағы бензинмен, дизель отынымен, авиакеросинмен қамтамасыз етілетін болады. Бірақ оған әлі көп уақыт бар. Сондықтан, сала мамандары бензин тапшылығын шешу үшін әртүрлі амалдар қарастыруда. Бұл көлемді мақала көпшілік назарына «Сапасыз бензин, жарытымсыз газ...» деген тақырыппен ұсынылып отыр.
Бас басылымда «Ыбырайдың туған жері қалай аталған?» атты мақала басылып шықты. «Үстіміздегі жылы қаңтар айында Торғай кентіндегі Ыбырай Алтынсарин өз қолымен қалаған мектепке 150 жыл толды. Осыған байланысты облыста кешенді жоспар жасалып, жыл бойы ұлы ағартушы-ұстазға қатысты бірқатар танымдық іс-шаралар белгіленген болатын. Оның бір парасы жүзеге асты. Мұндай игі іс жыл соңына дейін жалғасын таппақ. Бұл жолы облыстық ішкі саясат басқармасы және «Ел ертеңі» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйытқы болуымен БАҚ өкілдеріне арналған экспедиция Қостанай қаласы төңірегіндегі ұлы ағартушы есімімен байланысты орындарда болды»,-деп жазады басылым.
Баспасөз беттерінде ұлы ұстаздың туған жерін әркім әрқалай көрсетіп жүр. Бірақ ақиқат біреу. Бүгінгі Қостанай, Алтынсарин аудандарының аумағын Балғожа би және оның ұрпақтары жайлаған. Бұл маң тарихта Арақарағай болысына қараған. Ыбырайдың нақты туған жері - Мезгіл ауылы. Жергілікті көнекөз қариялардың айтуынша, осы маңайда Үлкен мезгіл, Кіші мезгіл, Қошанның мезгілі деген сияқты атаулар көп. Кемеңгер ұстаздың кіндік қаны тамған жер Қошанның Мезгілі деп аталады. 1991 жылы Ыбырайдың туғанына 150 жыл толуы қарсаңында осы жерге ескерткіш тақта орнатылған екен. Күннің, желдің әсерімен тозған белгі биыл қайта жаңартылды.
***
«Айқын» газетінде «Адамдарды солтүстiкке көшiрудiң басты әдiсi - материалдық ынталандыру» деген тақырыппен белгілі саясаттанушы Дос Көшіммен арадағы сұхбат берілген. «Самұрық-Қазына» ӘАҚ жанындағы «Әлеуметтік әріптестік орталығында» бір жарым жыл жұмыс істеп, өндіріс орындарындағы әлеуметтік мәселелерді, еңбек даулары мен оның алдын алу мәселелерінен біршама хабардар болдым. Қоғамдық-саяси жұмыста жүрген азаматтар үшін өмірдің бұл жағын да білген жөн деп ойлаймын. Мен бірақ «билік өкілдері қонақтаған терезеден» емес, жұмысшылардың жатақханасы мен төменгі деңгейдегі басшылықтың кеңсесінің терезесінен қараған сияқтымын. (Айта кетуім керек, қызметімнен отбасылық жағдайға байланысты өз еркіммен кеттім). Кез келген мәселе салыстырумен өлшенеді ғой, сондықтан басқа ірі компанияларға («Қазақмыс» сияқты) қарағанда «Самұрық-Қазынадағы» әлеуметтік жағдайды қанағаттанаралық деуге болады. Біздің орталықтың тұрақты түрде жүргізіп отыратын әлеуметтік зерттеу жұмыстарының нәтижесі де осыны көрсетеді. Алайда қоғамда болып жатқан барлық өзекті мәселелердің «Самұрықты» да айналып өтпейтіні талассыз шындық, сондықтан жалақының төмендігі, ақшаның құнсыздануы мен бағаның көтерілуі - бәріміздің басымыздағы жағдай»,-дейді Дос Көшім. "Ал адамдарды солтүстік өңірге қоныстандыру мәселесіне келсек, оның басты әдісі - материалдық ынталандыру болуы керек".
Осы басылымда «Жөндеуде жөнсіздік бар» атты мақала жарияланды. Мәжіліс төрағасының орынбасары, «Нұр Отан» фракциясының жетекшісі Дариға Назарбаева Қазақстанда ТКШ проблемаларын шешетін арнайы жұмыс тобын құруды ұсынды. Кеше «Нұр Отан» фракциясы жанындағы Өңірлік саясат және мәслихаттармен жұмыс жөніндегі кеңесінің кеңейтілген отырысында Қазақстандағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту барысы қаралды. Елбасы өз Жолдауында коммуналдық секторды жаңғырту және тұрғын үй қатынастарының тиімді моделін құру туралы нақты міндет қойды. Бұл міндет негізгі индикатордың бірі ретінде «Нұр Отан» партиясының сайлауалды тұғырнамасына да енгізілген.
***
«Ана тілі» газетінің соңғы санында « Мұғалім беделін қалай көтереміз?» деген мақала жарық көрді. «Бүгінде мұғалім еңбегін бағалауға деген Үкімет, министрлік тарапынан бетбұрыс жоқ емес. «Жыл мұғалімі» байқауына қатысып, жеңімпаз атанған ұстаздар пәтерге, түрлі марапаттарға ие болып, еңбектері лайықты бағаланып жатады. Міне, осындай көңіл бөлу, әлеуметтік қолдаудың түрлері көп болса екен дейсің. Өйткені мұғалімге ең бірінші керегі әлеуметтік жағдайының шешілгені емес пе ?! Әлеуметтік мәселелер тиісті деңгейде шешім тапқан кезде ғана мұғалім беделі артып, биіктейтіні сөзсіз. Жалпы, қоғамымызда мұғалім беделінің төмендеуі өтпелі кезеңнің экономикалық қиындықтарымен байланысты болғаны рас. Содан бері қаншама уақыт өтіп, экономикалық жағдай түзелді дегенмен, сол кездерде төмен қарай құлдилап кеткен мұғалім беделін арттыра алмай келе жатқандаймыз»,-деп жазады мақала авторы.