Адамдардың немқұрайлығы өрттің көбеюіне әкеліп отыр – ТЖД
«Күннің жылынуына байланысты құрғақ шөп пен қамыстар өрті жиілей түседі. Өкінішке қарай, адамдардың қарапайым өрт қауіпсіздігіне немқұрайлы қарауы өртке алып келеді. Далада от жаққанда, табиғат аясына саяхатқа шыққанда және саяжайда қоқыс өртегенде қауіпсіздік ережелерін сақтаған жөн. Себебі абайсыздық, адамдардың өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамауы, тағы қайталаймын, немқұрайлы қарауы тілсіз жаудың көбеюіне әкеліп отыр», - деді Еркін Отарымғалиұлы Астана қалалық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, от уақтылы сөндірілмесе оның арты жойқын өртке әкелуі мүмкін.
«Дала өртін қолда бар құралмен сөндіруге тырысқан жөн. Өрт қауіпсіздігі қағидасына сәйкес, от жағу, қоқыс өртеу ғимараттар мен құрылыстардан кемінде 50 м қашықтықта жүзеге асуы тиіс. Жоғарыда аталған талаптарды бұзған адам Әкімшілік құқық бұзу туралы кодексінің 410-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау қауіптің алдын алады және адам өмірін сақтайды», - дейді ол.