Адамды көшеде тоқтатып әскерге алып кету қаншалықты заңды – заңгер жауап берді

атыс
Фото: ҚР Қорғаныс министрлігі

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – «Әскери комиссариат қызметкерлерінің жігіттерді көшеде тоқтатып әскерге алып кетуге құқығы бар ма?» деген сұраққа заңгер Алексей Бажков жауап берді.

Ел арасында әскери комиссариат қызметкерлерінің адам көп жүретін сауда үйлерін, демалыс орындарын торуылдап, жігіттерді әскерге алып кеткен жағдайлар туралы сөз тарап жүр. Бұндай әңгіме әсіресе әскерге шақыру маусымы аяқталуға жақындағанда жиі айтылады. Кейбіреулер «әскерден қашып жүргендерді осылай мәжбүрлеген дұрыс» десе, енді басқалары «бұл адамның құқығын бұзу» деп есептейді.

«Бұл мәселеде «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңның 30-бабында нақты тұжырым жоқ. Онда азаматқа әскерге шақыру қағазын жеке тапсыру мүмкін болмаса, оның келуін қамтамасыз ету құзырлы органға жүктелетіні айтылған.
Бірақ келуін міндеттеу ҚР ӘҚБтК немесе басқа қандай нормалар шеңберінде орындалуы керектігі нақты көрсетілмеген», - дейді Алексей Бажков.

Егер полицейлер мен әскери комиссариат қызметкерлері өз әрекеттерін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы 647-бабына (Азаматтардың әскери есепке алу жөніндегі міндеттерін орындамауы) негіздесе, онда барлық іс-әрекет қатаң түрде осы баптың талаптарына сәйкес жүргізілуі тиіс.

«Яғни, әуелі адамды ұстайды, сосын тиісті жерге жеткізеді. Десе де бәрін бірдей ұстай беруге тағы жол берілмейді. Себебі ұстау – іс жүргізуді қамтамасыз ету шарасы ретінде құқық бұзушылықтың жолын кесу немесе жеке, заңды, лауазымды тұлғалардың жеке бас бостандығын қысқа мерзімді шектеу болып саналады. Бұл санкция тек құқық бұзушыға ғана қолданылады», - дейді заңгер.

Заң бойынша адамның ұсталғаны туралы міндетті түрде хаттама жасалуы қажет.

«Егер ұсталған адамға қандай да бір залал келтірілсе лауазымды тұлға жауап береді. Мұндай әрекеттер болып жатса міндетті түрде шағым түсіру керек. Құқық қорғау органының қызметкері сіздің шағымыңызбен келіспеуі әбден ықтимал. Сондықтан Заңда қалай әрекет ету керектігі нақты жазылмаса, осындай келеңсіздіктер бола береді», - дейді А.Бажков.

Соңғы жаңалықтар