Адами капитал - білім экономикасын дамыту негізі - АЭФ сессиясы
АСТАНА. 20 мамыр. ҚазАқпарат - ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі және «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ 2013 жылдың 23 мамырында VI Астана экономикалық форумы шеңберінде адами капиталды дамыту және бәсекелес саясатты қалыптастыру проблемаларымен айналысатын
мемлекеттік органдар өкілдерінің, экономист-ғалымдардың, шетел және ұлттық сарапшылардың қатысуымен «Адами капитал - білім экономикасын дамыту негізі» тақырыбына арналған сессияны өткізеді. Бұл туралы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің баспасөз қызметінен хабарланды.
«Қазіргі уақыт реалийінде ұлттық экономикалардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру талабы жаңа формат - «білім экономикасына» ауысуға назарын күшейтеді. «Білім экономикасын» қалыптастыру мен дамытудың басты факторы креативтік және инновациялық адами капитал болып табылады. Адами капиталды таңдау еңбек өнімділігін, өмір сүру деңгейін, білім беру сапасын, денсаулық сақтауды, демалу саласы мен мәдениетті арттыруға негізделген ұлттық саясаттың жаңа принциптерін құру қажеттілігін айқындайды. Адами капиталды дамыту шеңберінде «тең мүмкіндіктер» саясатын іске асыру, кәсіби білім мен дағдыларды дамыту және өмір бойы біліктілігін арттыру ретінде «екінші мүмкіндікті» ұсыну маңызды болып табылады», делінген баспасөз баянында.
Бұл ретте мемлекет пен қоғамның өзара әрекетінің басым бағыттарын қалыптастыру, Қазақстан Республикасының Конституциясымен анықталған мемлекеттік кепілдіктердің іске асырылуын қамтамасыз ете отырып, ең төмен әлеуметтік стандарттарды енгізу қажеттілігі аталып өтіледі. Ал мемлекеттік стандарттар жүйесін енгізу адами капиталды дамытуға, «білім экономикасын» құруға бағытталған инвестициялар көлемі мен сапасына қойылатын талаптарды қалыптастыру жолында бастама болуы тиіс.
Осы тұрғыдан алғанда панельды сессияның мақсаты адами ресурстарды дамыту бойынша халықаралық тәжірибені зерттеу, адами капиталдың экономикалық өсуге ықпалын анықтау және елдердің бәсекеге қабілеттілігі мен проблемаларды айқындау болып табылады. Мемлекеттік органдар, корпорациялар, бизнес және ғылыми қауымдастық өкілдерін стратегиялық серіктестік және өзара әрекет туралы диалогқа тарту көзделеді.
Сессияда бірқатар өзекті мәселелер талқыланатын болады. Атап айтсақ, әлеуметтік саясаттың жаңа үлгісі бағытында:
Мемлекеттің әлеуметтік үлгісі және әлеуметтік тұтастық;
Барлығына арналған тең мүмкіндіктер: жағдай үшін емес, таңдау үшін жауапты болу;
Мемлекеттік әлеуметтік стандарттар жүйесі: экономикалық және әлеуметтік тиімділік шекараларын іздеу;
Әлеуметтік кепілдіктер, әлеуметтік нормалар және нормативтер: нысаналы өріс, өлшеу және бюджеттік қамтамасыз етілу;
Әлеуметтік интеграция және ұлт шоғырлануы: жаһандық дағдарыс кезеңіндегі жаңа талаптар» тақырыбы қарастырылады.
Ал «Білім экономикасындағы» адами ресурстардың жаңа сапасы бағытында:
«Әлеуметтік инновациялар: іздеу және пайдалану тиімділігі;
Постиндустриялық экономикада жұмыспен қамтудың инновациялық нысандары;
Жаңа тұрпатты жұмысшылар матрицасы: жоғары жұмылдыру мен әмбебаптылық, бейімделу және инновациялылық;
Еңбек нарығындағы жаңа ұрпақ: инновациялар мен кәсіпкерлікке ынталандыру;
Мемлекеттік әлеуметтік қорғау үлгісінен мемлекеттің жоғары өмір сапасы үлгісіне қарай» тақырыптары талқыға шығарылады.