Адами құндылықтар көп насихатталуы керек

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінгі театрдыңжайы туралы айтылар әңгіме көп. Сонда да, ең әуелі бұл туралы маманның аузынан естіген әңгімеге не жетсін? Бүгінгі жедел сұхбатымызда тетар саласын бүге-шігесіне дейін зерттеп жүрген маман тетар саласының кейбір түйткілді жайттары туралы былай дейді...
None
None

Нартай ЕСКЕНДІР, театртанушы

- Соңғы жылдары қазақ тетарында ұ лттық рухты көтеретін жаңа туындылар бар ма?

- Елен Әлімжановтың «Тақталас» атты пьесасын ерекше атап өтер едім. Бұл шығармаға арқау болған нәрсе - ақша, капитал. Одан кейін Еркін Жуасбектің «Күлеміз бе, жылаймыз ба?!» комедиясы да бүгінгі күннің проблемалары көрініс тапқан. Сұлтан Раевтың «Құрманжан датқа», Жүнжоғлының «Көшкін» қойы­лымдары өте қызықты. Қоғамдағы шын­дықты айта алмай жүрген адамдар туралы туынды. Драматург көптеген де­таль­дарды емеурінмен, ым-ишарамен берген. Аристотельдің «катарсисын» біз театрдан ғана сезінеміз. Яғни «Тазарғың келсе, театрға кел...» деген сөз бекер айтылмаған. Жуырда Әубәкір Рахимовтың «Шәкәрімі» (пьеса-диалог), Рахымжан Отарбаевтың «Бейбарыс сұлтаны», Төлен Әбдіктің «Ұлы мен ұрысы» сахналанды. Қазақ көрермені бір серпілді. Жаңа шығармалар, жаңа тақырыптар қозғалды. Бұл да біз (көрермен мен театртану) үшін қуанышты жағдай болды. Жақында өткенде Театр фестиваліне Нұрмұхан Жантөрин атындағы Маңғыстау драма театры «Перзентхана» драмасын алып келді. Бұл қойылымды Гүлсина деген жас режиссер сахналады. Біреулерге ұнаса, біреулерге ұнамаған. Бірақ көрермен көзіне жас алды. Бұл дегеніңіз, шығарма шынайы әрі өтімді шықты деген сөз. Қазір режиссурада жаңа толқын, жаңа буын өсіп келе жатыр. - Сіздіңше, қ азақ театрына қандай өзгеріс керек?

- Қазіргі қазақ театрында комедия жанрын және эксперименталды пьесаларды көптеп қою керек. Эксперимент десе, жұрт ала тонын ала қашады. Қор­қатын ештеңе жоқ. Біз бұрынғы Совет кезіндегі арақ, наша сияқты тақы­рып­тардың аясынан әлі де шыға алмай жатырмыз. Бүгінгі Тәуелсіз ұрпақ иман­дылыққа бет бұрды. Сондықтан ислам діні, адамгершілік, ибалылық, әділеттілік мәселесін сахнадан көргісі келеді. Адами құндылықтар көп насихатталуы керек. Талай жастардан осы туралы сұрадым. Бәрінің ойы бір жерден шығады. Жастарымыз сусындап тұр. Арақ-шарап, қыр­ғын-төбелеспен көрерменді қызықтыра алмаймыз. Ол ешкімге керегі де жоқ. Қазір логиканың, ғылым-білімнің заманы. Қазіргі заман драматургиясында «Жаңа драма» деген ағым пайда болды. Көптеген авторлары шетелде қойылып жатыр. Дін, имандылық тақырыбы - ушығып тұрған тақырыптар. Мәселен, жүз елуден астам қаракөздеріміз «жиһад­ты» сылтауратып, өз еркімен Сирияға соғысуға кетті. Не істеп жүргендерін өздері де білмейді. Солшыл діннің ықпалында кетіп, бала-шағасымен жат елде жүр. Бұл сұмдық нәрсе ғой. Қарап отырып жүрегің қан жылайды. Қазақтың ұлттық театры болу үшін біз алдымен, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, тарихи-мәдени қойылымдарды сахналауымыз керек. Біз шетелге ментали­тетімізбен ғана таныла аламыз. Сақ, ғұн, Көктүріктер, тәңіршілдік... Осының бәрі сұранып тұрған дүниелер! Өзге елге барғанда біз осы жағымен ғана таңғал­дыра аламыз. «Қазақ театры осы...» деп ұялмай көрсететіндей шығармалар көбейсе, нұр үстіне нұр болар еді. Бірақ «Көш жүре түзеледі» ғой!.. Тарихи тақырыпта «Қазақтар», «Абылай­дың ақырғы күні», «Кек қылышы Кенесары», «Абай», «Шәкәрім», «Бейбарыс сұлтан», «Томирис», «Мен ішпеген у бар ма?!», «Фатима» сияқты пьесалар жазылды. Дегенмен, әлі де жазылатын тарихи туындылар жетерлік. Есмұхан Обаев біраз жұмыс тындырды. Ұлттық, класси­калық театр жасауға талпыныс жасады. Егемендік алып, ес жиып, етек жаптық. Совет кезінде тарихи, мәдени, ұлттық, діни тақырыптарды жазуға тиым салынды. Ұлт тамырынан ажырап қалды. Енді-енді бетіміз бері қарап, жан-жағымызға қарап, жағдайды бажайлай бастадық. Жоғарыда аталған тарихи тақырыптар қазақтың ұлттық рухын көтеруге үлкен үлес қосты деп ауыз толтырып айта аламын. Ұйғыр, өзбек, әзірбайжан, қырғыз, грузин театрлары бізден көш ілгері тұр. Неге? Себебі, олар сахнада өзінің ұлттық ерекшелігін көрсете білді. Эпос, фольк­лор, салт-дәстүрді жаңғыртып, театрда жаңаша бетбұрыс жасап жатыр. Бізде еліктеушілік көп пе деймін, осы!.. Жан-жаққа жалтақтаймыз. Жастарымызды тәжірибе алмасу мақсатында шетелге көптеп жіберіп тұрсақ, өте керемет нәрсе болар еді. Жақында Балтабек деген жас режиссер бауырымыз Мәскеуге оқуға кетті. Бұл да театрды ілгерілетіп, дамытуға жасалған үлкен қадам дер едім... Өз қазанымызда қайнай бергеннен нәтиже шықпайды. Шетелді көрсек, араласақ, үйренсек, одан кейін елге келіп әдіс-тәсілді алып, ұлттық шығармалар жазсақ, несі жаман?! Үлкен ағаларымыз Совет кезіндегі тақырыптарды қозғайды. Жас ұрпақ түсінбейді. Себебі, ол кезеңде өмір сүрмеген. Көбісі орнынан тұрып, театр­дан шығып кетеді. Қызық емес!.. Жастармен санаспаймыз. Бүгінгі тетардың аужайы түгел зерттеліп болды деп ойлайсыз ба?

- Жоқ, өкінішке қарай, олай ойламаймын. Там-тұмдап монографиялар жазылып жатыр. Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында Аманкелді Мұқан басқаратын «Театр бөлімі» бар. Ол ғылыми мекемеде көп жұмыс атқаруда. Елімізде елуден астам театр бар. Театртанушыларымыз әр театр­ды жеке-жеке зерттеп, олардың алып келген жаңалықтарын, ерекше­ліктерін, көп көтеретін тақырыптарын, режиссурасын, актерлік шеберлігін айшықтап берсе, оқырман, көрермен, жазармандар үшін өте қызықты болар еді. Бірақ қазір маман аз. Мәселен, Бақыт Нұрпейіс Қазақтың Ғабит Мүсі­репов атындағы Балалар мен жас­өспі­рімдер театры туралы еңбек жазып шықты. Сол сияқты өңірлердегі, аймақ­тардағы қазақ театрлары зерттелсе керемет болар еді деп ойлаймын. Бірақ оларға көңіл бөліп жатқандар жоқ. Елуден астам театр әртүрлі жанрды бөліп алса, сол бағытта туындылар сахналаса. Өте қызықты болар еді. Сонда бір-бірінен ерекшеленіп тұрады. Қуыршақ театры дегенде, аузымызға «Алақай» түседі. Өйткені, жақсы еңбектеніп жатыр. Фестивальдер­дегі бас жүлделерді де еншілеп жатқан сол «Алақай». Өзіндік бағыт-бағдары, өзіндік ерекшелігі бар театр ретінде есімізде қалды. Бір Мәскеудің өзінде елуден астам театр бар. Әрқайсысы әр бағытта жұмыс жасайды. Еуропа өз алдына бір төбе. Нұрқанат Жақыпбай бастаған Астана Жастар театры пластикаға, Болат Атабаев экспериментке, Есмұхан Обаев классикаға ден қойды. Бұл да жақсы үрдіс деп ойлаймын. Театрға адам аз келетін шығар, бірақ ол көрерменсіз қалмайды. Кейбір қойылымдарға премьера кезінде аншлаг болады да, кейін сиреп кетеді. Ал «Бес бойдаққа бір той», «Сыған серенадасы» сияқты қойылымдарға адамдар көп келеді. Азаймайды. Осы жылы Қазақтың Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрының алдыңғы қатары екі мың теңгеге қымбаттады. Бұл не деген сөз! Бұл театрға көрермен көп келеді, қызығады, ынта-ықыласы бар дегенді білдіреді. Бұл жақсы тенденция.

Әзірлеген Әлібек БАЙБОЛ

Соңғы жаңалықтар