Адамның бір қызығы бала деген...

денсаулық
Фото: Jibek joly

АСТАНА. KAZINFORM - «Jibek joly» телеарнасынан көрсетілетін «Ана болғым келеді» жобасының пациенттері: жаңаөзендік – Ақбаян 45 жасында, Алматы облысының тұрғыны – Айжан 42 жасында ана атанды.

Бедеулік пен белсіздік мәселесі соңғы жылдары қоғамда жиі кездесін, жанұяның тұтастығына әсер ететін негізгі факторға айналып үлгерді. Бұл мәселені «табу» тақырыпқа жатқызып, жасырып, шешу жолын қарастырмау – осы диагнозға ұшыраған жандардың балалы болу мүмкіндігін азайта береді. Денсаулық жағдайына байланысты табиғи жолмен балалы бола алмай жүрген отбасылардың соңғы үміті – экстракорпоральды ұрықтандыру (ЭКО).

нәрестелі болды
Фото: Jibek joly

ЭКҰ көмегіне бірнеше мәрте жүгінген, ізденген, еңбек етіп, ең бастысы үмітін үзбеген жұптардың бірі – Ақбаян Тілеуқұлова мен Сағынбай Қибасов. Отау құрғандарына 28 – жыл. Осы жылдар аралығында бірнеше мәрте ЭКҰ жасаған. Бірақ бәрі сәтсіз болған. Өткен жылы «Экомед» орталығының репродуктолог мамандары жаңаөзендік ерлі-зайыптының өтінімімен танысып, «Ана болғым келеді» жобасының пациенттері қатарына қабылдаған болатын.

Жоба аясында екінші рет жасалған эмбрион тасымалы сәтті болып, Ақбаян 28-сәуір күні дүниеге ұл баланы алып келді. Есімін өз әжесі ырымдап – Тұрсынбек қойды. Салмағы – 2950 гр., бойы – 51 см. болып туған Тұрсынбек пен анасының жағдайы жақсы. Сәуірдің бірінші күні перзентханадан шықты.

нәресте
Фото: Jibek joly

Жобаның пациенттері Айжан Қасымбекова мен Қанат Отарбаевтың шаңырағында да көптен күткен қуаныш. Он сегіз жыл отасқан жұп Аяла есімді кішкентай ханшайымның ата-анасы атанды. Айжан мен Қанат сәбилі болу үшін алты рет ЭКҰ жасатқан. Сәтсіз болған. Дәрігерлер бұл отбасылық жұптың да оқиғасымен танысып, жоба пациенттерінің қатарына қабылдады. Алғашқы эмбрион тасымалы сәтті болып, 20-наурыз күні Айжан салмағы – 3 кг., бойы – 55 см. дені сау қыз баланы дүниеге алып келді. Ана мен баланың денсаулығы жақсы, 25-наурыз күні перзентханадан шықты.

Екі маусымға жалғасқан жоба аясында бүгінге дейін 8 сәби дүниеге келді, 9 келіншектің аяғы ауыр, 10 пациент эмбрион тасымалына дайындалуда.

нәрестелі болу
Фото: Jibek joly

Пациенттердің ЭКҰ шығынына кететін қаржыны толықтай жобаның идея авторы, жүргізушісі – Ләйлә Сұлтанқызы құрған «Mariyam» қайырымдылық қоры қаржыландырады.

Егер Сіз немесе жақыныңыз балалы болуды армандап жүрсе http://www.mariyamfund.kz/ сайтына кіріп, өтінім қалдырыңыз. Бір жанұяның бақытының еселенуіне атсалысам десеңіз, қайырымдылық жасай аласыз.

Соңғы жаңалықтар
telegram