Адамның эмоциясын анықтайтын көзәйнек пайда болды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Америкалық Emotient компаниясы Google Glass көзәйнектері үшін иесінің айналасындағы адамдардың бет-әлпетінен олардың эмоцияларын анықтайтын Sentiment Analysis қосымшасын шығарды, деп хабарлайды Day.Az.
Қосымшаның жұмысында көзәйнекке орнатылған камера қолданылады. Аталмыш бағдарлама түсірілімдерді өңдеп, онда адамдардың бетіндегі бұлшықеттердің қалпына сараптама жасап, соның негізінде қорытынды шығарады. Қосымша жалпы көңіл-күйді анықтай алады. Олар «негізгі» және «күрделі» эмоциялардан тұрады. Негізгі эмоцияларға осы қосымшаны жасаушылар қуаныш пен қорқыныш сезімін, ал күрделілерге түңілу мен абыржуды жатқызған.
Эмоцияларды анықтаудан басқа, Sentiment Analysis адамның жынысын айыра алады. Болашақта бағдарламаны адамның жасы мен этникалық тобын анықтауға бағыттамақ.
«Қазіргі уақытта бағдарлама жабық бета-тестілеуден өтіп жатыр. Оны тек Emotient серіктестері ғана сынай алады. Жалпы, Google Glass көзәйнектері 2013 жылы шыққан. Бұл құрылғы әзірге еркін сатылымда жоқ. Glass жүріп келе жатып фото және видеоға түсіруге мүмкіндік береді, сонымен бірге, экранда оң жақ көзге қарама-қарсы ақпаратты көрсетеді» делінген хабарламада.