«Адамзат биігін білекпен емес, біліммен бағындырудың заманы» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 8 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 8 желтоқсан, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Адамзат биігін білекпен емес, біліммен бағындырудың заманы» - республикалық басылымдарға шолу

***

Кеше Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы «Назарбаев университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамының студенттері мен профессор-оқытушылары құрамы алдында дәріс оқыды және студенттер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап қайтарды. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында «Адамзат биігін білекпен емес, біліммен бағындырудың заманы» деген тақырыппен көлемді мақала жарияланды. Басылымның жазуынша, Елбасы өз дәрісінде Астанадағы жаңа университетті Еуразиядағы ірі ғылыми-білім беретін орталыққа айналдыру қажеттігін атап өткен. Мемлекет басшысының сөзіне қарағанда, маңызды ұлттық жоба ретінде танылатын бұл оқу орнын құруды өзі жеке қадағалайтын болады. Ол Астананы дамытуға, сондай-ақ біздің еліміздің барлық салаларын дамытуға жүйелі түрде оң әсер етеді. Сондықтан да жаңа университет ерекше мәртебеге ие болады, ол арнайы заңнамалық актілерге негізделіп, іс-әрекет етпек. «Университеттің менің атымды иеленуіне тұңғыш рет келісім беріп отырмын. Бұл оның қалыптасуына және дамуына барлық мемлекеттік құрылымдардың және ЖОО-лар ұжымы жетекшілерінің жауапкершілігін арттыру үшін жасалып отыр. Жаңа университеттің құрылуының ба­лық аспектілері Қазақстан үшін, әсіресе, біздің жастар үшін жаңа мүмкіндіктерді ашудан тұрады. Біздің ортақ міндетіміз - оны білім беру және ғылыми зерттеулер бойынша әлемдік деңгейге алып шығу», - дейді Н.Назарбаев.

«Келешегі кемел экономикалық кеңістік». «Егемен Қазақстан» газетінде осы тақырыппен басылған мақалаға кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен Үкіметтің отырысы арқау болған. Үкімет мүшелері алқалы жиында Бірыңғай экономикалық кеңістіктің (БЭК) келісімшарт-құқықтық базасын қалыптастыратын келісімдердің жобаларын талқылап, бекітті. «2010 жылдың 1 қаңтарынан бері жемісті жұмыс істеп келе жатқан Кеден одағы Біртұтас экономикалық кеңістік құруға ықпал жасады. 170 миллион халқы бар орасан зор рынок құрылды. Бірыңғай кедендік кеңістікте кедендік кедергілер алынып тасталды. Бұл үш елдің кәсіпкерлері мен бизнес субъектілеріне орасан зор мүмкіндіктер ашты. Биылғы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша, Кеден одағы аясында тауар айналымы 30 пайызға өскен. Қазақстанның 9 айдағы Ресейге өнім экспорттау көлемі 48 пайызға артқан», - деп жазады басылым.

***

«Айқын» газетінің жазуынша, 7 желтоқсан күні VІІ қысқы Азия ойындарының ресми әнұранын анықтау мақсатында жарияланған байқау өз мәресіне жетіп, жеңімпаздың есімі салтанатты түрде жарияланды. Ұйымдастыру алқасына 105 өтініш келіп түскендігін еске салған басылымның жазуынша, қазылар алқасы олардың арасынан он үміткерді іріктеп, бір айға жуық уақыт әуе толқынынан тұрақты түрде беріліп отырды. Осылайша көпшілік өзі қалаған әнге СМС арқылы дауыс беруге мүмкіндік алған еді. Нәтижесінде халықтан 3500 хабарлама жолданып, 49,5 пайыз ұпай жинаған Ескендір Хасанғалиевтың «Азиада алауы» әні бас жүлдеге ие болды.

«Жақында қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдары «Қазақстан мұсылмандарының одағы» және швейцарлық Humanіtas Helvetіca қоғамдық ұйымы Алматының бұрынғы әкімі Виктор Храпуновтың қызметін тергеу үшін комиссия құрды» деген хабар тарады. Мақсаттары - оның қандай бизнес арқылы миллионер болғанын анықтау», деп жазады «Айқын» газеті сәрсенбілік санында шыққан «Храпуновтың қаржысын тексеру керек пе?» деген мақаласында. Басылымның дерек көзге сүйенуіне қарағанда, Храпунов қазір Швейцарияда тұрады, үлкен лауазымды қызметте көрінеді. Жақында «Храпуновтың баласы Еуропада бизнес ашпақшы болған екен, ондағы билік «бизнеске салатын ақшаң таза емес» деп, рұқсат бермей қойыпты» деген сыбыс шыққан. Енді әлемдік банктің жүйесін «ең таза ақшадан» құрған швейцариялықтар Еуропадағы ең бай адамдардың бірі Виктор Вячеслововичтің ізіне шам алып түскен сияқты.

***

«Алаш айнасы» газетінің тұрақты «Дат!» айдарында Қаржы полициясы академиясының бастығы, заң ғылымының докторы Марат Башимовпен арадағы сұхбат «Қазақстан қаржы криминалдарынан біртіндеп тазарып келеді» деген тақырыппен жарық көрді. Басылымның барлық сауалдарына тұщымды жауап берген ол: «Парақорлықты түбірімен құртатындай, оның аса қатерлі нәрсе екендігін бәріміз біліуіміз керек. Оны қоғамда жою мүмкін емес деген пікір қалыптасып қалған. Оны жою керек. Меніңше, ең бастысы, қазіргі офицерлердің ой жүйесі мүлде басқаша болуы тиіс», - дейді. Сұхбаттың толық нұсқасын оқығыңыз келсе, басылымның сәрсенбілік санын жіберіп алмаңыздар.

Еліміздегі базарлар мен дүкендердегі балалар киімдерінің құрамын тексерген мамандар шошып отыр. Өйткені шекара асып келетін киімдердің құрамынан сәбилерді түрлі дертке ұшырататын химиялық қоспалар табылған. Талап бойынша, сәби киетін кимімдерге синтетикалық талшықтар мүлдем қосылмауы керек. Алайда қараша айында нәрестелердің киімдерін тексерген Метрология комитетінің мамандары киімдер құрамының жартысынан көбі синтетика екенін анықтаған. Бұл жайында «Алаш айнасы» газетінің сәрсенбінің сәтінде шыққан нөміріндегі «Келімсек» киім келешегімізді кеселге ұрындырып жатыр» деген мақалада кеңінен баяндалған. «Ең сорақысы, бұл киімдердің балалар денсаулығына тигізер зардабының үлкендігі соншалық, тіпті келешекте баланың белсіз болып қалу қаупі де бар көрінеді. Қытай мен Қырғызстаннан жеткізілетін балалар киімдері ұрпақ тамырына балта шауып қана қоймай, жеткіншектердің аяғын майтабан қылып, буын ауруларының пайда болуына да әсер ететіні дәлелденген», - деп жазады басылым.